Көктеммен бірге айналада жылылық, мейірім, махаббат сезіледі. Бірақ одан бұрын өмірде аналардың жұмсақ алақаны, әжелердің әлдиі әдемі емес пе… Осындай керемет сезімге толы шара қала әкімдігінің қолдауымен А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өтті.
Қалалық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен әжелер ансамбльдерінің облыстық фестиваліне ақжаулықты аналар мен әзиз әжелер жиналды. Қоғамдағы асыл әжелердің, әйел-аналардың мәртебесін арттырып, отбасылық құндылықтарды, қазақтың тұрмыс-салт жырларын, халық әндерін насихаттауды мақсат еткен «Ұлағатты әже» атты фестивальге арнайы қатысқан қала әкімі Асылбек Шәменов ұлттық тәрбиедегі қазақ әжесінің рөліне ерекше тоқталып, облыстың түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдарына ризашылығын білдірді.
– Әлімсақтан әжелер – ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің тұма бастауы. Сондықтан бұл шараның келіндеріміз бен бойжеткен қыздарымыз үшін өнегесі мол. Ағайын-туманың бірлігін сақтаған, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы атанған, жас келіндерге жол көрсеткен, немере-шөберелерін құндылықтардың қайнарымен сусындатқан ардақты әжелеріміздің дәл осылай халық алдына шығып, алқалаған әлеуметке бүгінгідей жаһандану дертіне қарсы тұрар күш-қуат сыйлауы – кешегі абзал аналар салып кеткен сара жолдың үзілмегенін, ғасырдан-ғасырға мұрагер ұрпақтары арқылы жалғасын таба беретінін байқатса керек», – деген қала әкімі абзал аналарымызды алда келе жатқан төл мерекелерімен құттықтады.
Шара барысында «Алып анадан туады, текфтілік тұқым қуады» демекші, Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне айрықша үлес қосып, түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген елімізге белгілі тұлғалардың аналары мен жұбайларына көктемнің шуақты мейрамы қарсаңында арнайы сый-құрмет көрсетілді. Олардың арасында 2008 жылы тікұшақ апатынан қаза тапқан әріптесіміз, Сыр елінің біртуар азаматы Сахитжан Бермағанбетовтің анасы Меруерт Бақбергенқызы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып, сый-сияпатына ие болды.
Жеңімпаздар анықталды
Сонымен облыс аумағынан 10 әжелер ансамблі қатысып, Ақмешіт аспанын әнге бөлеген өнер мерекесінің нәтижесінде Қызылорда қалалық білім бөлімі жанынан құрылған «Асыл жандар» ансамблі «Көрермендер көзайымы» атанса, Қызылорда қаласы, Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Ұлағат» ансамблі мен Жалағаш ауданы, Мөрәлі Шәменов ауылдық мәдениет үйіндегі «Асыл ана» ансамблі 3-орын, Сырдария ауданы, Асқар Тоқмағамбетов мәдениет үйі жанынан құрылған «Асыл ана» ансамблі 2-орын алды. Ал Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Өнеге» ансамблі 1 орын иеленсе, Қармақшы аудандық Шәмшәт Төлепова мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблі бас жүлдеге лайық деп танылды. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Асыл әжелердің, әйел-аналардың мәртебесін арттырып, отбасылық құндылықтарды, қазақтың тұрмыс-салт жырларын насихаттауды мақсат еткен «Ұлағатты әже» атты облыстық әжелер ансамбльдері фестивалі аясында ұйымдастырылған аналар форумы өз мәресіне жетті.
Форумды ашып берген қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов қазақ аналарының ұлттық тәрбиедегі рөліне, елдік мүдде жолындағы елеулі еңбегінің мән-маңызына ерекше тоқталып, бүгінгі тағылымды шараның көтерген жүгі жеңіл емес екендігін тілге тиек етті.
– Ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Өтіп жатқан форумның ерекше мәні бар. Қазақта «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген қанатты сөз бар. Расында да, ана баласына берген тәрбиесі арқылы болашақтың қалыптасуына ықпал етеді.
Еліміздің дамуы мен өркендеуіне, қоғамдық-саяси және рухани әлеуетін іске асыруға белсенді атсалысып келе жатқан аналарымызға, барша қыз-келіншектерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Содан соң келелі бас қосуға арнайы шақырылған педагогика ғылымдарының докторы, балалар ақыны Рахат Наурызбаева, облыс әкімінің отбасы және әйелдер мәселелері жөніндегі штаттан тыс уәкілі Гүлнар Жұмашева, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, Қазалы ауданынан келген көпбалалы ана, өнегелі әже Набира Момбекова ел ішіндегі ене мен келіннің, ұл мен қыздың тәрбиесі жөнінде сөз өрбітіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ көптеген танымал әндердің авторы, композитор, әнші Гүлнұр Нұрасылова аналарымыздың құрметіне әннен шашу шашты.
Форум түйінделер тұста бірнеше келін «Үлгілі келін» номинациясымен марапатталды. Тағылымды шара «Ұлағатты әже» облыстық фестивалінің бас жүлдесін иеленген Қармақшы ауданы, Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің әнімен қорытындыланды.
Аналар айтқан
ақ тілек
Қала әкімінің сый-құрметіне ие болған марапат иесі Меруерт Бақбергенқызы да өз лебізін білдірді.
– Кең ауқымды шараның қонағы болғаным үшін алғысым шексіз. Биыл марқұм балам Сахитжан Бермағанбетовтің арамыздан кеткеніне 15 жыл толды. Менің ғана емес, ол Сырдың, халықтың ұлы болып қала береді. Ұлымның көзі кетсе де, мені құрметтеп жатқан билікке, халыққа аналық жүрегіммен тек жақсылық, амандық тілеймін, – деді Меруерт апа.
Сонымен қатар әжелер ансамблінде бақ сынасып, бас жүлдеге ие болған қармақшылық әжелер де тілектерін жеткізді. «Ақ «әжелер» ансамблінен апалы-сіңлілі, бүгінде әдемі қос әже Талмаш пен Әлия Тойбазаровалар:
– Осы ансамбль құрамында 30 жылдан бері өнер көрсетіп келеміз. Нәтижесі де жаман емес. Негізі өнер жас талғамайды. Ақ кимешек киген әже болсақ та белсенді, көңілді болып жүргенге не жетсін… Жастарға да, ұрпағымызға да осындай жалындаған белсенділік керек. Көпті көрген ана, әже ретінде айтарымыз, еліміз аман, тыныш, жүрген жеріміз тек той-думан болсын, – деген жылы ықыласын білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!