Сейсенбі, 24 желтоқсан, 03:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық жобаны іске асыру барысы қаралды

26.11.2023

2162 0

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет мәжілісінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды.ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев өңірлердегі нысандар құрылысы туралы баяндады. Облыс әкімдері атқарылған жұмыстар және алдағы уақытта салынатын нысандар жайлы хабарлама жасады.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта 2023 жылға жоспарланған құны 6,5 млрд. теңге болатын 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы туралы айтты. Оның 12-сі 30 қарашада, 3-еуі 5 желтоқсанда халық игілігіне пайдалануға беріледі. Алдағы жылға жоспарланған 11 нысанның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қарауына жіберілген. Қорытындысы желтоқсан айында шығады.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы арнайы мәжіліс өткізіп, облыс аумағында бой көтерген 15 дәрігерлік амбулаторияның жыл соңына дейін пайдалануға берілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Үкімет басшысы ұлттық жобаны жүзеге асыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Әсіресе, биыл салынған денсаулық сақтау нысандарының сапасы мен мерзімінде пайдалануға берілуін қатаң бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Біз 15 дәрігерлік амбулаторияны жыл соңына дейін пайдалануға беруіміз керек. Осы аптада жауапты мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, тиісті тапсырмалар жүктеген болатынбыз. Бұл тек құрылыс басқармасының ғана міндеті емес, аудан әкімдері де жұмысқа жұмылуы қажет. Ұлттық жоба аясында салынған барлық нысандар халыққа ыңғайлы, жайлы, ең бастысы, жан-жағының тазалығы, қасбеттері талапқа сай болуы тиіс», – деп ескертті аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы құрылыс басқармасына ғимараттардың сапасын мұқият қадағалауды тапсырды. Атап айтқанда, жан-жағы талапқа сай абаттандырылуы, ауласына өңірдің климаттық жағдайына бейімделген ағаштар отырғызылуы қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жаңа дәрігерлік амбулаторияларды тиісті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, олардың сапасына мән беруі керек. Еске салайық, Қызылорда облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынатын жалпы құны 11,0 млрд. теңгені құрайтын 27 нысан (24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет) тізімі Үкімет қаулысына енгізілген.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: