Бұған дейін Қызылорда қаласында көше салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу өзекті болса, қазір қалада жаяу жүргіншілер жолын салу қолға алынуда. Бұл – тұрғындардың сұранысы.
Жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық бюджеттен 690 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға қала бойынша жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайтын 19 жаяу жүргінші жолы салынбақ. Қазіргі таңда конкурс талабына сай жауапты мердігер мекемелер анықталған. 10 жаяу жүргінші жолын «Қызылорда жолдары» ЖШС мекемесі салса, қалған тоғызы «Ақнұр-Авто» ЖШС мекемесінің жауапкершілігінде.
Қазіргі кезде аталған 10 жаяу жүргінші жолының құрылысы аяқталуға жақын.
– Халықтың сұранысы аясында биыл жаяу жүргіншілер жолын салуға басымдық берілді. Осыған орай 19 жаяу жүргінші жолын салуға тиісті қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге екі мердігер мекеме бекітілген. Қазіргі таңда 10 көшеге жауапты «Қызылорда жолдары» ЖШС мекемесі 7 жаяу жүргінші жолының негізгі бөлігін салып бітірді. Енді асфальт төсеу жұмыстары қалды. Қазір қаланың Шанхай аталынып кеткен шағын ауданындағы Ж.Шанин көшесі мен қаладағы СПМК-70 шағын ауданындағы Тараз көшесі және Халыққа қызмет көрсету орталығы аумағындағы Отырар көшесінің аяқ жағына бордюрлер орнату, қиыршық тас төсеу сынды жұмыстар істелуде, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары Дархан Бақтияр.
Жаяу жүргіншілер жолы талап бойынша әлеуметтік нысандар орналасқан, халық көп шоғырланатын аумаққа салынады. Сондықтан бұл жолдарды ұзақ уақыт ел игілігіне жарағаны жөн. Жол салушы мамандар қаржы, құрылыс материалдары жағынан ешқандай тапшылық жоғын айтады. Сондай-ақ жұмыс барысы да кестеге сай уақытылы жүргізілуде. Мамандардың сөзінше, жаяу жүргіншілер жолы келер айға дейін толық пайдалануға беріледі.
Қалған 9 көшедегі жаяу жүргіншілер жолының құрылысы әні-міне басталады деп күтілуде. Оған жауапты «Ақнұр-авто» ЖШС мекемесімен тиісті құжаттар жақында рәсімделген. Сондықтан істің барысы кешіктіріліп жатқан көрінеді. Ал жалпы құрылыс жұмыстары мамыр айына дейін аяқталып, ел игілігіне берілуі керек.
– Алда жаз маусымы. Бұл кезеңде жұртшылық кешкі уақытта жаяу жүргенді жөн көреді. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолы қажет. Ал балалардың, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін мектеп, аурухана сынды нысандар орналасқан аумаққа салынғаны дұрыс. Жазда немерелермен бір уақыт есік алдына шығасың. Алайда көшеде жүйткіген көлік, қолды-аяққа тұрмайтын кішкентай балалар жүгіріп кете береді. Көлік қағып кете ме деп қорқасың. Амал жоқ үйдің ауласынан шығармаймыз. Жаяу жүргіншілер жолының салынып жатқанына қуаныштымыз. Бұл да бір қарапайым тұрғындарға жасалған қамқорлық деп білемін, – дейді СПМК-70 шағын ауданының тұрғыны Жәмила Тасболатқызы.
Қала инфрақұрылымының жылдан-жылға дамып, халықтың басты қажеттіліктерінің қанағаттандырылуы тұрғындарды қуантуда. Мәселен, биыл қала бойынша 231 көше жөнделеді деп жоспарлануда. Бүгінде мердігер мекемелер анықталып, бірқатар көшенің жөндеу жұмыстары басталған. Қала мен оған қарасты кент, ауылдық округ көшелерін жөндеуге барлық бюджеттен және мемлекеттік бағдарламалармен 10 млрд 246 млн теңге қаражат бөлінген.
Сала мамандары кей көшелердегі жеке тұрғын үй иелерінің есігінің алдын жаяу жүргіншілер түсетін жолға дейін асфальттап алғанын айтады. Бұл өз кезегінде құрылыс заттарын үнемдеуге мүмкіндік берген. Осы үнемделген материалдарды мердігер мекеме жаяу жүргінші жолы жоқ басқа да көшелерге төселмек.
А.СЕЙІЛ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!