Сейсенбі, 12 қараша, 21:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

Жайқалған «Сыр сұлуы» немесе егін алқабындағы бір күн

08.10.2022

812 0

Сырбойылық диқандар егінді жинап болып қалды. Ала жаздай атқарылған еңбектің нәтижесін көретін осы шақ. Егін алқабындағы тынымсыз тірліктің жайымен танысу үшін Қарауылтөбе ауылдық округіне арнайы барғанбыз.

Ең әуелі «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ҒЗИ» серіктестігінің қырманына ат басын бұрдық. Сол сәтте комбайнның жаңа орған күрішін тіркемесіне тиеп келген трактор да келіп жетті. Дамылдап тұруға уақыт жоқ. Ақ күріштің кезекті тоннасын төгіп, келесі рейске аттанып барады. Техниканың гүрілген дауысы құлақ тұндырады. Бұл молшылықтың, тоқшылықтың дауысы еді.

Сыр елі дегенде алдымен күріш айтылатыны түсінікті. Қашанда ақ маржанымен танымал өңір бұл кәсібінен алыстаған емес. Жыл сайын өңірдегі шаруашылықтар ел қамбасына күрішті мейлінше молынан құйып келеді. Олардың қатарында «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ҒЗИ» ЖШС да бар. Шағын шаруашылық болғанымен, мұнда да атқарылар жұмыс аз емес.

Серіктестік биыл 450 гектар жерге күріш еккен. Оның 180 гектарына «Сыр сұлуын» ексе, 270 гектары «Лидер» сортынан. Бүгінгі күні шаруашылық егінді орып болуға жақын қалған.

− Су тапшылығы биыл да сезілмей қалған жоқ. Дегенмен қол қусырып отырған ешкім жоқ. 15 шақы­рымға дейін созылған канал қазылды. Су шаруашылығы  мекемесі де көмегін тигізіп, СНП 500/10 насостық қондырғысын құрып берді. Егінді барынша суаруға жұмыс істедік, алынған өнім де жоспардан төмен емес. Дегенмен келешекте су тапшылығының өзекті бола беретіні белгілі. Сондықтан келешекте биік жерге егін екпеу секілді шаралар қабылдаймыз. Биыл өнім көлемін азайтпадық, бірақ келесі жылы азайтуға мәжбүрміз. Көлемін көбейтіп аз өнім алғанша, шағын жерден молырақ өнім алған дұрыс, − дейді серіктестік агрономы Жәнібек Қариев.

Серіктестікте 50-60 адам жұмыс істеуде. Ауыл тұр­ғындарын жұмыспен қамтыған «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ҒЗИ» шаруашылығында еңбекке қажетті техника, комбайн, тракторлар түгелдей қамтылған.

− «Claas», «John Deere» маркалы комбайндар жұмыс істеуде. Заманауи техникаларда жағдайы да, әлеуеті де жақсы. Жаздың ыстығында да жүргізушілерге қиындықсыз жұмыс істеуге жағдай жасалған. Орып алу, тасымалдауда да еш қиындық жоқ. Әрине, бұрынғы комбайндармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Шаң кірмейді, көп функция­сы автоматтандырылған. Күрішті орғанда да қалдық қал­дырмай жинайды, – дейді серіктестік механизаторы Жақсыат Ибраев.

Егіннің басына барғанда қызу тірліктің куәсі бол­дық. Жаткаға жұтылған күріш, көк ала шаң нағыз еңбектің көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Тынымсыз еңбектің және маңдай тердің ақталғанына куә болған диқандардың көңілі тоқ. Қажыр-қайратты талап ететін еңбек адамдары табиғаттың тосын тосқауылына төтеп беріп келеді. Су тапшылығы, құрғақшылық пен жауын-шашынның аздығы қиындық туғызбай қоймайды. Алайда олар егін егуден, одан межелі өнімді алу үшін аянбай тер төгуден шаршамақ емес.

Қазіргі кезде алқапта диқандар күріштің «Сыр сұлуы» сортын оруда. Ыбырай Жақаев атындағы күріш институтының ғалымдары ойлап тапқан бұл сұрыптың орны бөлек. Қызылорданың климатына бейім, мол өнім береді. Қазіргі кезде адаптациядан өтуде, яғни бейімделуде. 2-3 жылдан соң бұл сорттан көптеп өнім алу мүмкіндігі тумақ. Жалпы, күріштің бұл сортына сұраныс аз емес. Тіпті көршілес елдер тұқым алуда.

Бір айта кетерлігі, серіктестік күрішті ақтап, дайын өнім ретінде сатумен де айналысады. Қазіргі кезде дайын өнімдер Қызылордадан өзге аймақтарға да жеткізілуде. Алдағы уақытта дайын өнімді жәрмеңкеге де шығару жоспарда бар.

Қалалық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметінше, биыл қалада 9036 гектар жерге егін егілген. Оның 4082 гектары дәнді дақыл, 70 гектары майлы дақылдар мен 2061 гектары мал азығы. Одан бөлек 2823 гектар жерге бақша өнімдері, көкөніс пен картоп өсірілген. Негізгі дақыл болып есептелетін күріштің көлемі − 3406 гектар. Жалпы ауылшаруашылық дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 131 гектарға артық егілген.

Оның 23,3 проценті отандық «Сыр сұлуы», «Айсәуле», «Маржан» сұрыптар болса, қалған 76,7 проценті ресейлік «Лидер», «Янтарь» сұрпынан. Су тап­шылығына байланысты «Қаз­сушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы екі және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 3 дана насос қондырғысы орнатылған.

Бөлімнің мәліметіне сүйенсек, қа­зіргі кезде ауылшаруалық құрылым­дары келесі жылдың егісі үшін қажетті 953 тонна күріш тұқымының бүгінде 90 процентін, яғни 859 тоннасын құйып, тазарту жұмыстарын жүргізуде. Қалған 10 процент тұқымдық әлі де жалғасып жатқан дала жұмыстарының нәтижесінде толтырылмақ.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: