Облыс орталығындағы Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Жаңа белес, жарқын үміт, жаңа арман» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан қала әкімі Асылбек Шәменов жыл көлеміндегі жетістіктер мен атқарылған ауқымды жобаларға тоқталып, қала тұрғындарын жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Жыл тоғысында «өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дегенді жиі айтамыз. Расында, бұл жылдың бізге сыйлаған жақсылығы мол. Қос тойымыз қабат келіп, облысымыздың 85 жылдық және шаһарымыздың 205 жылдық мерейтойы салтанатымызға сән қосты. Мерейлі күндермен қатар Тасбөгет кентінің 75 жылдығы мен Ақсуат ауылдық округінің 95 жылдығы тойланды. Жыл бойы қалада жаңа бастамалар сәтті жүзеге асты.
Облыс орталығында іргелі ғимараттар бой көтерді. Аймақ басшысының қолдауымен «Отбасы орталығы» мен Тасбөгет кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Сонымен қатар 1000 орындық «Өнер орталығы» мен облыстық «Қан орталығы» және «Оқушылар сарайының» құрылысы көпке қуаныш сыйлайды деп үміттенеміз. Осылайша қаладағы әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешішіліп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда маңызды жұмыстар атқарылса, ал инженерлік-инфрақұрылымын дамытуда ауқымды істер жасалды. Сондай-ақ жол сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды.
Өткен жыл қала үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, халық қалаған, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды. Әрине, әр жаңа жылға енер сәтте жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз. Ендеше келер жылы сол ойымыздағы арман-тілегіміз жүзеге асып, бақ-берекеміз таси берсін, – деді қала әкімі.
Мұнан соң қаланың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына үлесін қосқан бірқатар азаматқа Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атағын табысталса, «Жыл үздігі» аталымы бойынша әртүрлі салада жетістіктерге жеткендер марапатталды.
Мерекелік кешке ҚР Еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, қазақ эстрадасының жұлдызы Кенжебек Жанәбілов және Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің камералық оркестрі келді. Одан бөлек «Орда», «Жас толқын» вокалды топтары мен М.Қалауов атындағы өнер мектебінің «Балбұлақ» халықтық балалар үлгілі би ансамблі өнер көрсетсе, «Арайлы» би тобы және «Ақмарал» би студиясы мен «Сырлы саз» халықтық-фольклорлық этно ансамблі және қаламызға белгілі «Дастан» квартеті, «Мереке» вокалды аспаптар ансамблінің әншілері өз өнерін көрсетіп, кеш қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Н.АЛТЫН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!