Сәрсенбі, 24 сәуiр, 12:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жарық неге қымбаттады?

08.06.2021

2488 0

Дәл қазір қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Азық-түліктің шарықтаған бағасына бұғау сала алмай жатқанда электр энергиясы қымбаттады. Осы жылдың бірінші маусымынан бастап, қоғамның бүкіл тамырына жан бітіріп отырған электр энергиясының бағасы өсті. Осыған дейін жарықтың 1 кВт сағатына 16,86 теңге төлесек, енді ол 17,93 теңгеге артып отыр. Бұл қарапайым халықтың қалтасына әжептеуір салмақ түсіреді. Электр энергиясының қымбаттауына не себеп болып тұр? Осы мәселені жан-жақты зерттеп көрдік. Мамандар да өз уәждерін айтуда.

Өткен жылы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова коммуналдық төлемдер тарифінің тұрақтылығын күнделікті жеке бақылауында ұстап отырғанын, оған алаңдауға еш себеп жоғын айтқан еді.

– Біз табиғи монополияларды реттеудің облыс бойынша департаментіне тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу және қызметтерге тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету туралы тапсырма жүктеген болатынбыз. Былтырғы жылдың ақпан, наурыз айларында электр энергиясының тарифін, осы салаға қызмет көрсетуші «Шиелі жарығы» ЖШС 4,2, «Дәулетэнерго» ЖШС 6,5, «Энергосервис» ЕЖШС 5,5 процентке дейін көтерген еді. Аталған мәселені назарға ала отырып, жауапты сала мамандары тиісті шаралар қабылдады. Нәтижесінде электрмен жабдықтау тарифтерін 9,1 проценте төмендетуге қол жеткіздік, – деді облыс әкімі.

Бұл өткен жылғы жұмыстың нәтижесі еді. Ал биыл қалай? Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, ҚР Энергетика министрінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №108 бұйрығымен еліміздің электр стансалары өндіретін электр энергиясының шектік көтерме бағаларын бекітті. Онда 11 проценттен 25,5-ке дейін өскен. Ал біздің аймақты электр қуатымен қамтамасыз ететін электр стансалары үшін «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК – 11 процент, «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС – 25, «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ – 6,1, «Жамбыл ГРЭС» АҚ – 25,5 процентке арты. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Гүлмира Өтегенова мәлімдеді.

– Қолданыстағы бағамен салыстырғанда 1 кВт.сағатқа ҚҚС-сыз 75 тиынға өзгертілген. Жіктеп айтсақ, бірінші деңгей – 1 айға 1 адамға 70 кВт-ға дейін –14,68 теңге, екінші деңгей – 1 айға 1 адамға 70 кВт. сағаттан 150 кВт-ға дейін – 18,79 теңге. Ал үшінші деңгей 1 айға 1 адамға 150 кВт-дан жоғары – 23,49 теңге. Енді заңды тұлғалар үшін орташа босату тарифі – 20,7 немесе жобалық бағамен салыстырғанда 7,5 процентке төмендетіліп, оның ішінде: заңды тұлғалар үшін – 30,69 теңге, жеке төлем үшін – 17,93 теңгені құрап отыр, – деді департамент басшысы.

Атап айтқанда, бір үйде 4 адам тұрып, олар бір айда 280 кВт пайдаланса, оны үш деңгеймен де төлейді. Қалай дейсіз ғой. Мәселен, 70 кВт бірінші, 150 кВт екінші, қалғанын үшінші деңгей арқылы есептейді. Егер бір адам 70 кВт тұтынса оны бірінші деңгеймен ғана төлейді. Бір айда қанша кВт сағат қолданғанына байланысты төлем мөлшерін компьютердегі арнайы бағдарлама шығарып береді.

Әрине, сапалы қызмет – басты назарда. Ол үшін тозған желі мен ескірген жабдықты жаңалау қажет. Тарифтің өсуіне себеп көп. Былтыр еліміздің энергетикалық жүйесінде 4 жарым мыңға жуық технологиялық ақау орын алған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 11 процентке артық. Қазіргі кезде электр қуатының авариялық істен шығуы, тұтынушыларды энергия көзімен жабдықтау сапасының төмендеуі және Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің көрші елдерге тәуелділігі ұлғайып отыр. Бұл жөнінде ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры Айдос Дәрібаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында түсіндірді.

Электр энергиясы тарифінің өсу себебін анықтау мақсатында қала аумағын жарықпен қамтып отырған «Энергосервис» ЕЖШС мекемесіне ат басын тіредік. Атам жарықтық үнемі «жарық пен суға төлеген ақша адал» деп отырушы еді. Десе де бүгінде бұл мекемеге жеке тұлғалар – 100 млн-ға жуық қарыз. Ал заңды тұлғалардан –

37 млн берешек бар екен. Бір өкініштісі, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Мұны сала мамандары пандемия кезіндегі жергілікті тұрғындардың жұмыссыз қалуымен тікелей байланыстырып отыр. Алайда оның шешу жолдарын да қарастырып қойған. Мәселен, энергия көзіне қарызы бар жергілікті тұрғын мекемеге келіп жағдайын түсіндірсе, қанша теңге болса да бөліп төлеуге мүмкіндік бермек.

– Қазіргі кезде біз энергияны тасымалдайтын еліміздегі «KEGOC», аймақтағы «КРЭК» мекемелері мен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Ашып айтқанда, көшедегі бағаналар, сымдар, подстансалар осы КРЭК-тің теңгерімінде. Қондырғылар бұзылып, істен шықса немесе күйіп кетсе сол мекеме жөндеп, жаңасын орнатады. Біз энергия көзін өндіргені үшін электр стансаларға, оны аймаққа жеткізіп бергені үшін тасымалдаушы мекемелерге қаржы төлейміз. Осылардың жиынтық бағасынан тариф құралады. Мәселен, орташа босату тарифі 17,93 теңгенің 9,048 теңге стансаға, 6,81 теңге тасымалға кетеді. Сондай-ақ ілеспе қызметтер: қуатты қамтамасыз етіп, реттейтін (РФЦ) мекемеге – 1,552 теңге жұмсалады. Әрі қарай өзіңіз есептей беріңіз. Ал біздің мекеменің жабдықтаушы шығыны 0,52 тиын. Бұл көрсеткіш 2014 жылдан бері өзгерген жоқ, – деді «Энергосервис» ЕЖШС директорының орынбасары Еркебұлан Сұлтанбеков.

Зерттей келе Қазақстан бойынша электр қуатына төленетін тариф бағасы әртүрлі екенін аңғардық. Оның себебі жарықтың тұтынушыға жеткізілуіне байланысты. Мәселен, еліміздің электр жүйесінің көбі солтүстікте орналасқан. Біздің аймаққа электр көзінің басым көпшілігі осы жақтан келеді. Ал Оңтүстікте «Мойнақ су» электр стансасы іске қосылған. Сондай-ақ «Балқаш» стансасы орталық өңірді қамтамасыз етсе, батыс аймақ негізінен энергия көзін Ресейден алады. Шығыста электр энергиясы жеткілікті. Мұндағы ең өзекті мәселе электр қуаты бастапқы нүктеден тұтынушыға жету үшін жүздеген шақырымдық ұзын желілер арқылы өтеді. Жол-жөнекей қаншама энергия ысырап болады. Сала мамандарының айтуынша, технологияның ең озық түрін қолданса да стансадан шыққан энергияның 10 проценті далаға кетеді екен. Сондықтан аймақаралық желілер бойынша электр энергиясын бөлу, оны қамту, жөнелтуге кеткен шығын есептеліп, әртүрлі тариф шығады.

Қызылорда қаласында бір айда 30 млн кВт электр қуаты пайдаланылады. Оны он екі айға көбейтсек, жылына 400 млн кВт-ға жуық қолданылады деген сөз. Десе де көктем мен күз мезгілінде жергілікті тұрғындар электр энергиясын аз пайдаланатын көрінеді. Әрине, қыста жылу маусымы басталса, жазда салқындатқыш қосылады.

Бүгінде «Қызылордажылуэлоктрорталығы» мекемесі қаланың 30 процентін ғана электр қуатымен қамтып отыр. Бір атап айтарлығы, өзімізден шығарылса да басқа стансаларға қарағанда тарифі біршама жоғары екен.

Осы жерде «Өзімізден өндірілген электр энергиясының бағасы неге қымбат?» деген сұрақ туындайды. Оның жауабын білу үшін «Қызылодажылуэлектрорталығы» МКК басшысы Наурыз Сатхановқа жолықтық.

– Қазақстандағы электр энергиясын өндіретін стансаларды ҚР Энергетика министрлігі жан-жақты зерттеп барып, тарифті бекітеді. Электр стансасы 1964 жылы салынған. Ал жаңасы 2005 жылы қолданысқа берілді. Тозығы жеткен қондырғының шығыны көптеу болғандықтан тарифті соған сай бекітті. Мәселен, біздің табыстың 60 проценті «көгілдір отынға» жұмсалған шығынды төлеуге кетеді. Ескі қондырғы жаңасына қарағанда газды көбірек жейді. Сондықтан бізде 30 проценттен артық электр қуатын өндіруге ешқандай мүмкіндік жоқ. Осының өзін тұрақты ұстап отыру үлкен күш. Өйткені ескі алты турбинаның 1992 жылы біреуі жаңартылып, олардан қазір сол ғана жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 2005 жылы салынған үш турбина бар. Оның екеуі іске қосылып, біреуі күрделі жөндеуден өткізілуде. Алдағы уақытта стансаны жаңаруға барынша күш салып жатырмыз, – деді аталған мекеме басшысы.

Қызылорданың құбылмалы ауа-райы жиі жарықсыз қалдыратыны жасырын емес. Хабарласа қалсаң, бағаналар мен подстансалардың ақауына байланысты өшкенін алға тартады. Электр қуатының тарифі өсті. Алайда бағасына сапасы сай ма? Тозығы жеткен бағаналар мен подстансалар қаншалықты деңгейде жаңартылуда? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ мекемесіне бардық.

– «Еуропалық қайта құру және дамыту» банкімен әріптестік аясында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қала бойынша электр энергиясын тарататын тозығы жеткен құрылғылардың 10/0,4 кВ әуе желілерінде 67-ден 45 процентке төмендеді. Қаланың шет аймағындағы «Шанхай», «Қызылжарма», «Коммунизм» шағын ауданындағы бірқатар электр желілері жаңартылды. Бүгінде жаңа технологиялар ауа-райының қолайсыз күндерінде төзімді, бұрынғы жүйеден әлдеқайда тиімді. Сондықтан тұрғындар жарықсыз қаламыз деп еш алаңдамаса болады. Сондай-ақ электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік зор. Биылғы жылы да «Титов», «Қызылжарма», «Арай» шағын аудандарында қалыпқа келтіру мен қайта жаңғырту жұмыстары іске асады, – деді «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ өндірістік-техникалық қызметінің бастығы Нұржан Күздібаев.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: