Дүйсенбі күні қала аумағында электр жарығының өшуі орын алып, ауыз су уақытша тоқтатылған болатын. Техникалық ақау салдарынан келген шығын сомасы есептеліп, жағдай қалыпты деңгейге қайта түсуде. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Брифингке облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхитжан Карімбаев, «ҚазТрансГаз» аймақ бойынша директоры Талғат Қызылбаев, «Қызылорда жылу электр орталығы» директоры Наурыз Сатханов, облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысы Ерқасым Сүлейменов қатысты.
– Жарықтың өшу себебі электр стансасында орын алған техникалық ақауға байланысты болды. Бұл – Ресей Федерациясына қарасты «Байқоңыр энерго» кәсіпорын теңгеріміндегі электр желілері. Электр желілерінің ажыратылуынан бу қазандықтарындағы қысым азайып, қазір барлығы қайта қалпына келтірілді,– деді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы Руслан Нұрмағанбетов.
Сонымен қатар облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысы Ерқасым Сүлейменов тұрғындардың электр жарығының әлсіреуі салдарынан айтарлықтай зардап шеккендерін айтып, жалпы шығын сомасы есептеліп, тиісті шешім шығатынын жеткізді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!