Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қала күні мерекесіне арналған «Жыр шумағым өзіңе…» атты жас жазба ақындардың мүшәйрасы өтті.
Дәстүрге айналған мүшәйра қала әкімінің тікелей қолдауымен Сыр бойындағы ақындық жолды жалғаған жастардың өнерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылып келеді.
Екі кезеңнің алғашқысында ақындар өлеңдерін Қызылорда қаласына арнаса, келесісінде поэтикалық дуэльде мықтылығын дәлелдеді. Бақ сынаған 12 жастың 3-еуі жүлделі орынмен, екеуі арнайы жүлдемен марапатталды. Қалған қатысушыларға қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Шығармашылық шара қатысушыларына қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат Болатұлы «Бүгінгі мүшәйраға қатысып, жүрегінен жыр төккен және жеңімпаз атанған жас ақындарға ұлы тұлғалардың жолын берсін. Ақмешітін асқақтатар жастарымызға алғыс білдіре отырып, шалқар шабыт тілеймін,»- деп, лебізін арнады.
Биылғы мүшәйраның ерекшелігі – жеңімпаз атанған ақындардың шығармалары ақын Толқын Қабылшаның «Өмір – өлең» авторлық бағдарламасында жеке-жеке насихатталатын болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!