Кеше қала мектептерінде аттестат тапсыру рәсімдері өтті. Осыған байланысты Қызылорда қаласы әкімдігі жанындағы мобильді топ пен қалалық полиция басқармасы өкілдері түлектер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мектептерде қоғамдық тәртіпті сақтау, түнгі уақытта ата-аналарсыз немесе заңды өкілдерсіз жүруге жол бермеу, суға шомылу және жолда жүру қауіпсіздігі тақырыптарында түсіндіру жүргізілді.
Сонымен қатар қала көшелері мен қоғамдық орындарда түнгі рейд ұйымдастырылды.Рейд барысында көлікті сақтандырусыз басқарған 2 азаматқа ӘҚБтК-нің тиісті бабына сәйкес хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Бірнеше жасөспірім анықталып, олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ата-аналарына ескерту беріліп, тиісті хаттамалар рәсімделді.
Бұл шаралар жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!