12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «QYZYLORDA JASTAR FEST» тақырыбында мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы баспасөз орталығында өткен брифингте «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек баяндады.
– 8-11 тамыз аралығында жастар арасында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Атаулы күнді мерекелеу 8 тамыз күні қала жастарының арасында тазалықты дәріптеу мақсатында «Табиғатты сақта – болашақты қорға» атты жастардың экологиялық қоқыс жинау сайысын өткізуден бастау алады. Шаралар легі әрі қарай, 9 тамыз күні – «Qyzylorda Youth Fest» би сайысымен, 10 тамыз – «Абай сөзі» челленджі – жастар арасындағы онлайн-акциясымен жалғасады. Ал, 11 тамызда – Орта Азия мен Қазақстан жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаев ескерткішіне тағзым ету шарасы, «Қызылорда – жастар қаласы» атты фотокөрме сайысы, «Шыңды бағындыр» – турникке тартылу сайысы және «Qyzylorda Youth Fest» мерекелік гала-канцерті өтеді. Қала жастарын айтулы мерекемен құттықтай отырып, жастар күніне орай өтетін шаралар легіне белсене қатысуға шақырамыз!, – деді орталық директоры Медет Ерданаұлы.
Бұл шаралар жастардың шығармашылығын қолдауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!