Бейсенбі, 28 наурыз, 17:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Жастығымның куәсі…

17.09.2022

937 0

 «Сүйікті шаһарым! Игі жақсының ізі қалған сенің топырағыңнан киелі нәрсе жоқ. Талай сырды ішке бүккен сенің тағдырың да сан қилы. Өзіңде туыпөскен қаншама перзентіңнің тағдыр жолы өзіңе аян. Аптапты ыстығыңнан, шаңды желіңнен қуат алып, өмір-күреске шынықтырғандай баптайтын әрбір перзентіңнің өзіңе алғыстан басқа айтары жоқ». Мерекеңмен, Қызылордам!

Бұл естеліктер топтамасын оқығаннан кейін алған әсер десек те болады.

Жыл сайын қала күні мерекесі дәстүрлі түрде аталып өтеді. Бұл күнді қалалықтардың асыға күтетіні де рас. Бұл күн думандатып, қызылды-жасылды шаралар өткізу емес, бір сәт те болса, туған қалаға деген әрбір тұрғынның ыстық ықыласы, сондай-ақ өз қаласының тарихына, қасиетіне үңілумен мәнді. Аға буынның естелігі кейінгі толқынға ой салары анық, өз қаласына, айналасына құрметі артар деген үміт те жоқ емес. Осы орайда әрбір жолы, ғимараты өзіне ыстық көрінетін, жастығының куәсі болған қала туралы естеліктер айтуға тұрғындарға мүмкіндік жасадық. Бір айта кетерлігі, әрбір естелікте сүйіспеншілік пен жылулық, риясыз алғыс сезіледі. Тіпті ерінбей, альбом ақтарып, сол кездердегі фотоларды жолдағандар да болды. Мұндай белсенді оқырмандарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қаланың мәңгі жасауы да ондағы адамдардың тілегінен болса керек…

Сейдалы Егембергенов, Қызылорда қалалық мәслихаты аппаратының қызметкері:

Мамандық таңдауға ықпал еткен қала

Бала кезімізде қалаға келудің өзі бір арман ғой. Ол кезде қазіргідей күн сайын қалаға келіп-кетуге, қыдыруға адамдардың мүмкіндігі жоқ еді. Мен қалаға алғаш рет 1976 жылдары 8 сынып оқып жүргенде келдім. Санаулы оқушыны комсомол қатарына өткізуге апайымыз алып келді. Сол жылдары ел арасында «Запад» аталып кеткен «Ақмешіт» шағын ауданының құрылысы жүріп жатыр екен. Дария жағасындағы жаңа құрылысты көріп қатты қызықтым, қарасаң көз тоймайтындай әсер етті. Осы көрініс маған қатты әсер еткені сондай, құрылысшы боламын деп шештім. Кейін құрылысшы болдым да. Жастық шағымыз өткен қала ғой. Бүгінде алпыстың асуына қадам бастық. Қаланың әрбір көшесі, әрбір шағын ауданы өткен күндерден сыр айтып тұрғандай сезіледі. Мен 1980-1988 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс инситутының Қызылордадағы филиалында оқыдым. Кейін бұл оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне қосылды. Студенттік жылдары мейрам сайын шеруге шығу халық үшін бір мереке болатын. Ұжымдардың көптігі сондай, шеруге шыққандар орталық алаңнан Абай көшесіне дейін созылып жататын. Қазіргі сот ғимаратының сырты қолдан салынған плакаттардан көрінбейтін. Барлығы ұжымдардың мерекеге дайындығы, үлкен еңбегі ғой. Жастық шағымыздағы Қызылорданы еске түсіргенде көшелерде орналасқан телефон автоматтары еске түседі. 2 тиынды салып жіберіп, сағаттап қыздармен сөйлесуші едік. Одан қалды сол кездегі «газводаны» әлі сағынамыз. Үлкен мұздатқыштың көлеміндей «газвода» құйылған автомат қаланың 2-3 жерінде бар еді. Жанында стақаны тұрады, тиынды салып жіберіп, іше бересің. Сол жылдары қазіргі Қызылжарма ауылында орналасқан үлкен ет комбинаты жанынан күн сайын «ливерный пирожки» пісіріп, қалаға жеткізетін. 4 тиын тұратын пирожки студенттердің сүйікті асы еді. Темір жолдың арғы бетіндегі 500 адамдық депоның асханасынан тамақ ішуге арнайылап баратын едік. Ал студент-жастар жиі жиналатын жалғыз орын – қалалық саябақтың кіре берісінде үлкен би алаңы. Сол жерге жастар тіпті сыймай қалатын. Сонымен қатар стадион айналасы, «Халыққа қызмет көрсету» орталығының орны үлкен орман еді. Сол жерде жастар демалып, серуен құрып жүретін. Әлі күнге көз алдымыздан кетпейтін әдемі көрініс. Ол кезде санаулы дүкен, санаулы мейрамхана ғана. Содан да болар қаладағы жалғыз базардың тіршілігі таңғы 5-тен басталатын. Уақыт алмасқан сайын қала жаңару үстінде. Ал ескірмейтін естеліктер қала күнінде есіңе түсетіні рас.

Рәзия Қалжанова, «ҚазГерМұнай» ЖШС БК жанындағы ардагерлер кеңесінің төрайымы:

Қала мен Тасбөгет арасы…

Бүгінде қаламен біте қайнасып кеткен Тасбөгет кенті бір кездері қаладан оқшау орналасқан сияқты сезілетін. Себебі қаламен іргелес жатқан бұрынғы Сырдария ауданының орталығы болған Тасбөгет кентімен екі ортадағы жер бос жататын. Қазір бос жатқан жер жоқ, кереметтей жеке үйлер, ғимараттар, көпқабатты үйлер салынып, теп-тегіс жол мен жарқыраған шамдар көңілге қуаныш ұялатады. Уақыт өте келе жаңарған, жасарған қаланы көріп қуанамыз. Туған күніңмен, Қызылордам!

Раушан Жәдігерқызы, «Сыр еркесі» балабақшасының меңгерушісі, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты:

Тарихи ғимараттардың әсері бөлек

Қала тарихынынан сыр шертетін ғимараттардың орны бөлек қой. Мәселен, қазіргі «Аль-Асад» сауда үйі кезінде қыздар колледжі, баспахана болғанын кейінгі буын біле бермейді. Сол ғимаратты көрген сайын «қандай тарихи орын» деп ойланамын. Сол сияқты тарихы терең, ел астанасы болған Қызылорда қаласының әрбір қалтарысы тарихтан сыр шертіп тұрғандай. Жастық шағымыз өткен қала ғой бұл. Қазіргі көзбен қарағанда сол кездегі қала шағын болғанымен біз үшін орны бөлек болды. Санаулы дүкендер. Біздің буын үшін «Дархан», «Нұрлан» дүкендері ерекше ыстық болғаны рас. Студент кезімізде осы дүкендерге жиі бас сұғатын едік. Сондайақ қаланың орталық көшесі саналатын Абай көшесі қалай өзгергені көз алдымызда. Кезінде ғимараты санаулы, осы бір шағын көшенің өзі бізге үлкен бір даңғыл секілді еді. Жылдарды артқа тастап, Абай көшесі шынында да бір даңғылға айналды. Жыл сайын қаланың даму белесін осы Абай даңғылынан-ақ байқаймын.

Қазыбек Әшірбекұлы, сатирик:

«Қызылордадан қазан да шыққан»

Өмір жолымыз өрілген қаланың көз алдымыздағы әрбір кезеңі өзінше қызық. Қаланың да адам секілді өз өмірі бар. Бірде қуанатын, бірде мұңаятын сәттері де аз емес. Қаланың да өмір жолында жоғалтқаны да, тапқаны да аз емес. Біздің жастық шағымыздағы қала шағын еді. Елестетіп көріңіз, 1956-57 жылдары «Южныйдағы» №140 мектеп қаланың ең шеті болатын. Бір қабатты, сырты әктелген үйде орналасқан сол мектепті елдің бәрі «Ақ школ» деп атайтын.

60-жылдары «Универсам» орны ақбас шөптен көрінбейтін, ар жағы канал. Сол шөптің ортасында талай футбол ойнадық. Қаланың орталық көшелеріне тас төселген, шет жақтарындағы көшеге ол да бұйырмаған кез. Сонда тас төселген көшелерге тұрғындар қызыға қарайтын. Қала тарихында елдің есінде қалған сәттер аз емес. Талай зауыт-фабрикалар дүрілдеп тұрды, қалалықтар сонда жұмыс істеді. Аяқ киім фабрикасы, трикотаж фабрикасы және тағысынтағы. Орайы келгенде бір оқиғаны айта кетейін. Бір қызылордалық жұмыс бабымен Мәскеуге барған екен. Бір дүкен алдында ұзын-сонар кезек дейді. Ол да тұра қалып, ел таласатармаса алып жатқан аяқ киімнен алады ғой. Кейін қараса, «Қызылорда аяқ киім фабрикасы» деп жазулы тұр екен. «Мәскеуге барып, өзіміздегі аяқ киімді алып қайтқанмын» деп күліп айтады өзі. Мен үшін қаладағы ЦКЗ ғимараты сондай ыстық көрінетін. Себебі ағаш ұстасы мамандығын алған мен жұмысқа тұрған кезде осы зауыттың есік-терезесін салған едім. Қазір ғимараттың ізі де қалмады. Сол жерден өтіп бара жатып, ғимараттың орнын көрсем, жүрегім қан жылайды.

Бұл қалада қандай өнім шықпады дерсіз?! Нағыз өндірістің қаласы болды ғой. Қызылордалықтар тіпті қазан да шығарған. Дария жағасындағы Суворов (қазір Алмағамбетов көшесі болу керек) көшесінде қазан цехы болды. Сонда қазанның түр-түрі, табалар шығаратын. Бір сөзбен айтқанда, қызылордалықтар қазаннан кенде болмады.

Эльзира Сағитжанова, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялықкөпшілік бөлімінің меңгерушісі:

«Сырдариядан» сорпа ішу арман еді…

Адам баласының өмірі кезең-кезеңінен тұратыны белгілі: балалық шақ, мектеп қабырғасындағы уақыт және қызығы мен шыжығы мол студенттік кезең.1990-1995 жылдары студенттік жылдар Қызылорда қаласында өтті. Жастық шағымыздың куәсі болған қаланың әрбір жолы ыстық көрінетіні рас. Әсіресе студенттік шақты айтқанда, ең алдымен жатақханаға жақын орналасқан «Қаракөз» кафесі еске түседі. Қалтамызға ыңғайлы болғандықтан шығар бар студент сол жерден тамақтанатын. Сол кафе алдындағы қазіргі арбатпен №1 автобус жүретін, сол автобустармен сабаққа келетін едік. Сол кездегі студенттер үшін орталық алаңда орналасқан «Сырдария» мейрамханасына бару біз үшін арман еді. Ақшамыз жетсе де, жетпесе де мерекеде сонда барып, сорпа ішсек те мәз боламыз. Қазіргі Әйтеке би көшесіндегі үлкен «Нұрлан» дүкеніне кезекке тұрғандар сыртқа шығып тұратыны есімізге жатталып қалыпты. Біз үшін ең керемет орын – Алтынсарин кинотеатры (қазір «Достық үйі») мен қазір музейге қарама-қарсы ғимарат Амангелді кинотеатры (бүгінде сауда үйі орналасқан) еді. Апта сайын киноға бару – студенттер үшін үлкен қуаныш. Бүгінде сол көшелермен жүріп өтсек, талай қызықты сәттер еске түседі. Кейбір ғимараттар бүгінде бұзылып кетсе де, көңілде қалған естеліктер ұмытылмайды.

P.S. Жастық шағыңыздың куәсі болған қала туралы қызықты сәттер, естеліктер айтқыңыз келсе, хат жазыңыз, құрметті оқырман. Біз жариялауға асықпыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: