Дүйсенбі, 08 шiлде, 17:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№53-2063
06.07.2024
PDF мұрағаты

Жауапты кезеңге жауапкершілікпен қарау керек

26.09.2023

639 0

Қала әкімі Асылбек Шәменовтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен жылу маусымына дайындық мәселелері қаралды. Жиында қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды арттыруға күш салу керектігі айтылды. Әңгіме жылу маусымына дайындық барысына ойысқанда қала басшысы қыстың қамсыздықты көтермейтінін баса айтып, жауапты сала жетекшілеріне әр істі ыждағаттылықпен атқару керектігін ескертті.
Мәжілісте алдымен Қызылжарма ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімі Шәріп Әбдірахманов таныстырылды. Сондай-ақ осы уақытқа дейін округ әкімінің қызметін атқарған Медет Сейілге ауылды дамыту бағытындағы жемісті еңбегі үшін қаланың ең жоғары марапаты «Құрмет» грамотасы табысталды.
Аппарат мәжілісінде қаланың 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова баяндама жасады.
Бөлім басшысының сөзіне сенсек, бүгінде қала бюджетінің кірістер болжамы есепті кезеңде 45333,8 млн теңгені құрап, 113,6%-ға орындалған. Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 420743 млн теңгеге өсіп, негізгі капиталға салынған инвестиция 134 461 млн теңгеге артқан.
Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 348029 шаршы метрді құрайды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 36697, ол өткен жылмен салыстырғанда 19,2% өсті.
Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 68,4 млрд теңгеге 13 жоба жүзеге асырылып, 1253 жаңа жұмыс орны құрылған.
Шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды арттыруға күш салу керектігін айтты.
Жиында жылу маусымына дайындық барысы да қаралды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде үйлестіруші қалалық штаб құрылып, дайындық жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы келтірген мәліметті негізге алсақ, қала бойынша барлығы 815 көпқабатты тұрғын үй болса, оның ішінде 781-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бұдан бөлек 34 үй автономды блокты модульдік қазандықтар арқылы жылытылады. Бөлім басшысы жылу желілерінің дайындығын және отын қоры нақтыланғанын баяндады. Оның айтуынша, көмір тапшылығын болдырмау мақсатында қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде қатты отынның жеткізілуі бақылауға алынған.
Қыстың аты қыс, қанша жерден дайындық мықты дегеннің өзінде қамсыз жүруге болмайды. Мәжілісте осы мәселені назарға салған қала әкімі әріптестеріне жауапты кезеңге жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті. Әсіресе білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларына жауапты басшыларды орындарынан тұрғызып, қысқа қаншалықты дайын екендіктерін жеке-жеке сұрады.
Жиын соңында қала әкімі сала басшыларына атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: