Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 23:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жеңістің жетпіс жетінші көктемі

12.05.2022

1180 0

Биыл ІІ дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 77 жыл толып отыр. Қан майданда миллиондаған жауынгер мерт болды. Олар елі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп соғысты. Біреу баласынан, енді бірі арқасүйер әкесі мен ағасынан айрылды. Майдан даласында із-түзсіз кеткендері қаншама. Туған жерден топырақ бұйырмай жат жерде жатқан боздақтардың кейбірінің есімдері мен орындары әлі белгісіз. Бір белгілісі, олар – Отан үшін от кешкен оғландар. Олардың ерлікке толы есімдері ел жадынан өшпек емес.

Жыл санап майдангерлердің де қатары сиреп барады. Бейбіт күннің бұл көктеміне облыс бойынша 7 сырбойылық соғыс ардагер жетті. Олар ұрыс даласында қатар жүрген қаруластарының есімдерін құрметпен атайды.

9 мамыр күні «Тағзым алаңы» алдында өткен мере­келік шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, майдангерлерге жылы лебізін білдірді.

– Құрметті қарт жауынгерлер, сіздер неміс басқыншыларынан Беларуссия, Польша, Украина, Чехословакия елдерін азат етуге қатысып, Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алып, елге оралған нағыз ержүрек батырсыздар. Отты жылдары жанқиярлықпен көрсеткен ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды қайыспай көтеріп, елдің қорғаны болғандарыңыз үшін сіздерге бас иеміз. Мерейлі күнде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, өздеріңізге ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Мерекелік шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қала әкімі Асылбек Шәменов қатысты.

Салтанатты шараға жиналған қауым Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майдангерлерге тағзым етті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: