Қызылорда қаласы аумағындағы жерлерге түгендеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылуы мен игерілуін анықтау мақсатында кәсіпкерлік мақсаттағы 63 жер учаскесі Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына жолданып, нәтижесімен 17-не нұсқама берілген. Бұл туралы қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Ғанибек Омаров мәлім етті.
– 2021 жылдың белгіленген жоспарына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жалпы көлемі – 7521,7 гектар жер учаскесінің тізбесі бекітіліп, жеңімпаз атанған «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы жерге орналастыру жұмыстарын жүргізді. Осы орайда, 15 жұмыс күн ішінде ниет білдірген азаматтар бизнес жоспарларын бөлімге өтінішпен ұсына алады. ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес комиссия отырысын сәуір айында өткізу жоспарлануда, – дейді Ғанибек Омаров.
Сонымен қатар бөлім 20 тұлғаның пайдалануындағы өз бетінше иеленіп алған мемлекеттік жер учаскелерінде салынған құрылыстарды анықтап, оны мәжбүрлі түрде бұздыру үшін сот органдарына талап-арыздар берген. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы 486 жер учаскесі Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы бөліміне жолданып, нәтижесімен 20-на нұсқама берілген.
Одан бөлек бөлім 2021 жылы 6 сауда-саттық өткізген. Аукционда жалпы көлемі 106,6251 гектарды құрайтын 171 жер учаскесі ұсынылып, 114 жер учаскесі сатылған.
Айта кету керек, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезектілігінде 2005-2021 жылдар аралығында барлығы 62 454 азамат тіркеліп, 2005 жылғы арызбен барлығы 7280 азамат жер учаскелерін алған. Ендігі ретте, 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізілуіне байланысты жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру құзыреттілігі сәулет және қала құрылысы органдарына жүктелді.
А.БІРКЕНОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!