Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 11:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жоғары қабатқа су жете ме?

12.10.2021

1031 0

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев сенбіде «Қызылорда су жүйесі» мекемесінде коммуналдық сала жетекшілерімен жоспардағы шараларды пысықтау мақсатында арнайы жиын өткізді. Жиында қаладағы коммуналдық мәселелер кеңінен талқыланып, оларды шешу жолы қарастырылды.

«Қызылорда су жүйесі» МКК халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде тың технологияны қолға алды. Бұрынғыдай көпқабатты тұрғын үйлердің жоғары қабаттарына судың көтерілмеу мәселесі шешілуде. Себебі кәсіпорын ауыз су жүйелерін кезең-кезеңімен жаңалап, белгіленген қысыммен тұтынушыларға су жеткізуде. Алайда тұтынған суға төлемейтін тұрғындар қатары әлі де бар. Сол себептен де мекеменің қаржылық қуаты кемуде. Қала әкімі мәселені заң шеңберінде қарыз өндіру шараларын жүргізу арқылы реттеп, арагідік орын алатын авариялық жағдайларды коммуналдық қызмет көрсетушілерге уақытында қалпына келтіруді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жиналыста «Қызылорда тазалығы» серіктестігінің қызметі туралы да сөз қозғалды. Аталған мекеме бүгінде күзгі және қысқы тазалық жұмыстарын іркіліссіз атқаруға арнайы техникаларын сайлап, қажетті қызметтерді үйлестіруде. «Серіктестік күнделікті күл-қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдықтарын шығарып қана қоймай, тұрғындарға түсіндірме жасап, тазалық мәдениетін қалыптастыруға да ерекше екпін қоюы керек» – деді шаһар басшысы.

Қаладағы бірден-бір мәселеге айналған қоғамдық көліктің де жай-күйі осы жиында талқыланды. Қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы бұл қызметтегі кемшіліктерді ашып айтып, мәселені реттеуді тапсырды. Оның ішінде қоғамдық көліктер жүру интервалдарын бұзып, кешкі рейстерін ерте аяқтауы, мектеп жасындағы балаларға тоқтамай, қарапайым тазалық қағидаларын орындамауы сынды мәселелер туралы сөз қозғады. Осы мәселелердің салдарынан «Қызылорда автобус паркі» ЖШС жұмысына көңілі толмаған жолаушылардың арыз-шағымдары көбейгенін айтып, жағдайды жедел реттеуде серіктестік жаңашыл жоспарларды жүзеге асыру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ шаһар басшысы парк директорына қоғамдық көліктердің тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуін ұйымдастыруды қатаң тапсырды.

Жиын соңында қала әкімі берілген тапсырмаларды нақты орындауды міндеттеп, апта сайын жұмыстың орындалу барысын нақтылау үшін жиын өткізетінін айтты.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: