Қала ішіндегі жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту – тек қозғалысты жеңілдету ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық келбетін жақсартудың маңызды бөлігі. Қызылордада бұл бағытта кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Биыл бірқатар ірі көшелерде құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, шет аймақтарда жол сапасын жақсарту бойынша нақты шаралар атқарылуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов айтты.
– Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Бұл – тек көлік қозғалысын ұйымдастыру емес, сонымен қатар қала тұрғындарының күнделікті тұрмысын жеңілдету, қауіпсіздікті арттыру және экономикалық белсенділікке серпін беру деген сөз. 2025 жылы осы мақсатқа 23,2 миллиард теңге бөлініп, ұзындығы 60 шақырымнан астам жолды қамтитын алпысқа жуық жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде облыс орталығының негізгі артерияларының бірі – «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының жаңғыртылуы ерекше атап өтуге тұрарлық. Жобаның бірінші кезеңі аяқталды, ал қазір екінші кезеңі Сырдария өзені бойындағы қорғаныш бөгетті бекіту жұмыстарымен қатар жүріп жатыр. Бұл бағытта жаңа жол учаскесі пайдалануға берілген соң, көлік ағыны едәуір жеңілдеп, қатынас сапасы артады. Сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан 17 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол сапасының жақсаруы – тек орталықпен шектелмей, барлық тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған нақты қадам, – деді қала әкімі.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!