Жексенбі, 24 қараша, 03:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Жол жөнделсе, көше көркейеді

08.08.2023

816 0

Сенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі және қала әкімдігі бірлесіп, баспасөз турын ұйымдастырды. Мұнда қаладағы жол салу жұмыстарымен таныстық.

Биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында іргелі істер атқарылуда. Оған бюджеттен 10,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Жалпы 264 көше жөнделеді деп күтілуде. Оның ішінде 161 көше елді мекендерде болса, қалғаны қаланың шет аймағындағы 86 және орталықтағы 17 көшенің жолы жаңғыртылмақ. Сондай-ақ көшелерге 20-дан аса аялдама, түнгі жарықтандыру мен бағдаршам орнатылады.

– Бүгінде жолдың  техникалық жағдайын сақтап қалу мақсатында көшелерге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Егер техникалық жағдайын сақтап қалмасақ 2-3 жылдан кейін жөндеу құны екі үш есеге дейін өсуі мүмкін. Сол себепті бірнеше көшеге жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Яғни бүгінде ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын  Назарбаев даңғылына орташа жөндеу жұмыстарын бастадық, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.

Қаладағы Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейін Бейбарыс Сұлтан көшесіне жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оның  ұзындығы 4,2 шақырымды құрайды. Бүгінде екі  жолақты көше төрт жолаққа дейін кеңейтілуде. Көшені кеңейту жұмыстары бойынша республикалық бюджеттен 2349 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме «УАД» ЖШС қолға алған. Мердігер мекеменің құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша 2144 828 млн теңге қаралған, ал техникалық қадағалау жұмыстарына жұмсалатын қаражат 61553 мың теңге. Жалпы құрылыстың келісім шарт құны 2229980 млн теңгені құрайды. Бұл жұмыс он екі айға жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның 95 пайызы аяқталған.

Бұдан бөлек, биыл облыс орталығында  қос бірдей  көпір ел игілігіне беріледі. Соның бірі – қала тұрғындарының сұранысы бойынша жасалып жатқан теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі. Бұл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзега асуда. Бүгінде мердігер «Гулнур МК» ЖШС мекемесі Яссауи мен Ғ.Мұратбаев көшелерінің қиылысына жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің  құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Аталған құрылыстың ұзындығы 55 метр. Оған  республикалық және жергілікті бюджеттен 320,5 млн теңге қаржы бөлінген. Жалпы құрылыс-монтаж жұмыстары 291798 мың теңге болса, техникалық қадағалау жұмыстары 8956 мың теңгені құрайды. Бүгінде жаңа көпір құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Ол ел игілігіне қазан айында берілмек.

Екінші көпір «Бәйтерек» шағын ауданында салынуда. Бұл – «Қызылжарма» су арнасы арқылы өтетін көпір. Бүгінде көпір салу жұмыстарын мердігер мекеме «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жүргізуде. Ал «ДамирЖобаҚұрылыс»ЖШС мекемесі нысанның техникалық жұмыстарын қадағалайды. Ұзындығы 47 метрді құрайтын көпірдің жалпы сметалық құны 368586 мың теңге. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарына 335528 мың теңге қаражат бөлінсе, техникалық қадағалау жұмыстарына 10871 мың теңге қаржы жұмсалған. Аталған нысан қыркүйек айында пайдалануға берілмек.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: