Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне жұмыс сапармен келді. Аймаққа арнайы келген Қазақстан Президенті Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылы мен облыс орталығында салынып жатқан бірқатар нысандарды аралады.
Сапар барысында Мемлекет басшысы алдымен Нағи Ілиясов ауылына ат басын бұрды. Мұнда Президент «Абзал және К» шаруашылығының демеушілігімен салынған ауылдың орталық алаңын көрді. Сонымен бірге ондағы спорт кешенін аралады. Аталған кешенде ауыл тұрғындарының футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес сынды спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік жасалған. Мемлекет басшысы спорт кешенінде ауыл балаларының үстел теннисі ойынын тамашалап, олардан мықты спортшы шығатынына сенім білдірді.
– Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе, өздеріңіз сияқты жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Себебі Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады. Сыр елінен мықты спортшылар шыққан. Әлі де көптеген чемпион шығады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұнан соң ел Президенті «Абзал және К» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпорында атқарылған жұмыстарды Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің негізін қалаушы Абзал Ералиев таныстырып, кәсіпорынның аймақта ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші мекемеге айналғанын, сондай-ақ өнімді еңбектің арқасында туған өлкенің дамуына тұрақты қолдау көрсетіп жүргенін жеткізді.
Мемлекет басшысының Нағи Ілиясов ауылына сапары былтыр ашылған «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесумен жалғасты. Кездесуде Президент облыстың дамуына баса мән беретінін ерекше атап өтіп, қазіргідей күрделі геосаяси кезеңде еліміздің өркендеуі жолында ауызбірлікпен еңбек етуге шақырды.
– Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын, – деді Президент.
Өз кезегінде диқандар қауымы да Президентпен тілдесіп, көкейдегі ойларын жеткізді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін алғыс білдірді. Әсіресе Су ресурстары министрлігін құру жөніндегі жаңалықты сырбойылық диқандардың қуана қабылдағанын жеткізді. Бұдан бөлек тұрғындар ауылда жастарға жайлы жағдай жасалғанын, жас мамандардың ел ішінде қызу еңбек етіп жатқанын атап өтті.
– Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Еңбек адамдарымен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыздың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін және оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін айтты.
Қала қақпадан басталады
Нағи Ілиясов ауылынан кейінгі сапар облыс орталығында жалғасып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан салынып жатқан «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысымен танысты. Жобалық құны 20 миллиард теңгені құрайтын әуежай «Болат Өтемұратов қоры» демеушілігімен жүзеге асырылуда. Дегенмен жаңа нысанның сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Облыс әкімі заманауи үлгідегі әуежайдың кейін мемлекет меншігіне өткізілетіндігін, сонымен бірге жолаушыларға халықаралық стандартқа сай қызмет көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ нысанның келер жылы пайдалануға берілетінін, жолаушылар тасымалы сағатына 250 адамға дейін қызмет көрсететінін, түрлі бағытта ұшатын әуе рейстерінің саны артатынын жеткізді.
Мемлекет басшысына бұдан бөлек заманауи үлгідегі автобекеттің жыл аяғында ел игілігіне берілетіні және теміржол вокзалына да қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқандығы айтылды.
Сонымен қатар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО туралы айтты. Өткен жылы Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісімшартқа қол қойған еді. Құны 215 миллиард теңгеге болжанған жоба жүзеге асқанда 240МВт электр және сағатына 277 жылу қуатын өндіруге мүмкіндік алады. 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған жылу электр орталығы қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік бермек.
Жоба барысымен танысқан Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту тұрғысынан бұл жобаның маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге Үкімет пен облыс әкімдігіне жылу электр орталығын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Құрылыс материалдары өзімізде өндіріледі
Мемлекет басшысы биыл іске қосылған темірбетон бұйымдарын шығаратын зауытқа да барды. Жалпы құны 2,6 миллиард теңге болатын жобаны «Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС іске қосқан. Өндіріс орнында күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдары шығарылады.
Сапар барысында Мемлекет басшысына аймақтағы кәсіпорындардан шығатын басқа да өнім түрлері таныстырылды. Олардың басым бөлігі құрылысқа қажетті өнімдер. Оның ішінде «OrdaGlass» ЖШС шыны зауыты, «КНК Кемикал» ЖШС пвх құбырлары мен фитингтер, «NP-Consalting» ЖШС қорғаныш каскалар, «Вега-Пром» ЖШС плитка желімдері мен сәндік сылақтар, «Садуакасов Ж.А» ЖК жол және тротуар бордюрлерін, құм-керамзит блоктар, «Shalkiya Dolomite Operating» ЖШС қиыршық тастың әртүрлі фракцияларын, «Комфорт KZ» ЖШС терезелер мен айналар, «Орда строй маркет» ЖШС әк, «Мелиоратор» ЖШС кірпіш өнімі өндірісі таныстырылды. Сондай-ақ «Dalatex» компаниясының текстиль бұйымдары мен «Өркен Әлем» ЖШС шығаратын жеке қорғаныс құралдары да Президент назарына ұсынылды.
Өндіріс орындарының өнімімен танысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті өркендету үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да тоқталды. Бұл бағытта аймақта өсім байқалады. Әсіресе өндеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлер салу, сауда саттық саласында көрсеткіш жоғары. Бұдан бөлек бүгінде құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар әлеуметтік нысанның, алда бой көтеретін құрылыс ғимараттары жөнінде де айтылды. Сонымен бірге негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемін биыл 472 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отырғандығын жеткізді.
Аймақтың әлеуетін арттыруда жергілікті кәсіпкерлердің үлкен қолдау көрсетіп жатқандығы да кездесу барысында сөз болды.
– Әлеуметтік нысандар салу, демалыс саябақтарын, ойын-спорт алаңдарын, үйлердің қасбеттерін жаңарту, аулаларды абаттандыру жұмыстары демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып келеді, – деді облыс әкімі.
Аграрлық сала мамандарымен кездесті
Жылына 30 мың тонна күріш ақтайтын зауыт жұмысымен кәсіпорын басшысы Сағидулла Сыздықов таныстырды. Оның айтуынша, өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа шығарылады. Дегенмен көршілес елдерге де экспортталады.
Кәсіпорында Мемлекет басшысы облыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімі көрмесін тамашалады. Көрмеге күріш өсірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың тауар түрлері, сондай-ақ ет, сүт, кондитер және балық өнімдері, көкөністер мен жемістер қойылды. Өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сырбойылық диқандар мен шаруалардың жұмысына табыс тіледі. Бұған қоса оларға тек күріш өсірумен шектелмей аграрлық саланы әртараптандыруға көңіл бөліп, оның ішінде суды аз қажет ететін дақылдарды өсіруді қолға алу керектігін тілге тиек етті.
Сапар барысында Мемлекет басшысы аталған өндіріс орнының аумағында іске қосылған «Ассоль» тұз өндіру зауытын да аралады. Ас тұзын шығаратын кәсіпорында 130 адам жұмыс істейді. Өнім көршілес Ресеймен қатар, Латвия, Литва, Эстония, Беларусь мемлекетіне экспортталады.
Ұлттық көзқарасымызды дәріптеуіміз қажет
Мемлекет басшысы сапар барысында жақында ашылған «Анаға тағзым» орталығына да табан тіреді. Орталықтың жұмысымен танысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесін және «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасын тамашалады. Бұдан бөлек «Ұлт жақұты» музей залымен, «Мирас» әжелер клубымен, «Жас отау» мектебімен, «Шамшырақ» фото-видео студиясымен, психолог-медиатор кабинетінің жұмысы таныстырылды.
Аталған орталықты ашудағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп қалдыру, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, әйелдер еңбегін дәріптеу. Сонымен бірге қыз-келіншектер мен аналарды өмірге, тұрмысқа бейімдеу де көзделген.
Мемлекет басшысы орталық жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
– Расында, бұл жұмыс өте маңызды. Жастарымыздың арасында ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тілімізді, ділімізді насихаттауымыз керек. Әйтпесе, дүниежүзінде болып жатқан теріс үрдістерді бәріміз көріп отырмыз. Ондай жағымсыз үрдістер елімізде де бар. Біз олармен күресіп, өзіміздің ұлттық көзқарасымызды дәріптеуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылайша аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, даму деңгейін бағамдады.
Әзірлеген Айдана СЕЙІЛ
Суреттер «akorda.kz»-тен алынды
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!