Күз келді дегенше жылу берді десейші… 15 қазаннан бастап жылу беру маусымы басталады. Осы орайда жауапты мамандар жылу маусымындағы жұмыстарын пысықтауға кіріскені анық. Жылу беру мәселесі биыл Үкімет деңгейінде де көтерілді.
Күн суытса көмір сатып алушылар біраз қиындыққа тап болатыны рас. Ұзын-сонар кезектен бөлек кей азаматтарда көмір алуда қаржылай қиындықтар туындайтыны жасырын емес. Дүйсенбіде Үкімет үйі осы мәселені оңтайлы шешу жолын қарастырды.
Қазақстан үкіметі көмірді халыққа маркетплейстер мен банк қосымшалары арқылы сату жолдарын қарастыруда. Бүгінде мұндай тәсілді Қазақстандағы ірі банктердің бірі Қостанай облысында пилоттық жобаны іске қосқан. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бұл көмір сатылатын орындарда кезектерді азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
− Бұл тұтынушыларға қолайлы, өте жақсы цифрлық шешім. Үйден шықпай-ақ көмірге тапсырыс беруге болады. Жергілікті жерлерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, − деді Премьер-Министр.
Үкімет үйіндегі селекторлық отырысқа облыс әкімдері де онлайн режимде қатысты. Жиыннан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет тапсырмаларын орындау бағытында негізді басымдықтарға мән беріп, жұмысты ширату қажет екенін алға тартты. Облыс әкімі жылуға дайындық және көмір жеткізу мәселесін арнайы қарады.
− Барлық әлеуметтік нысандарға қажетті отын қорында проблема туындамауы керек. Әсіресе аудандарда тапшылық орын алып, халық кезек күтіп, ажиотаж болмауын бақылауға алу қажет. Мектептерде, ауруханаларда, халыққа қызмет көрсету орындарында, мәдениет және спорт мекемелерінде үзіліссіз жылу берілуі тиіс. Бұл бағытта әр ауданның ұйымдастыру жұмыстары мұқият қаралады, − деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Жалпы қалада жылу маусымына дайындық жұмыстары қыркүйек айынан бастап жоспарлы түрде жүргізілуде. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Қызылорда қаласының жылу желілерінде 16 кгс/см2 дейінгі қысыммен магистральдық және 12 кгс/см2 ауданаралық жылу құбырларының тығыздығына гидравликалық сынақ өткізілуде. Сынақ 2022-2023 жылдағы жылу маусымының басталуына байланысты және ҚР Энергетика министрінің 30 наурыз 2015 жылы №247 бұйрығымен бекітілген «Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану» қағидасының №623 тармағына сәйкес өтіп жатыр.
5 қазанға дейін өтетін дайындық кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында сынақ жүргізу кезінде бөгде адамдарға магистральды құбырлардың жанында болуға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ қаланың жылу құбырларында апатты жағдайлардың туындауының алғы шарттарын болдырмау мақсатында кондоминиумның барлық басқару органдары және жылу энергиясының басқа да тұтынушылары жылытудың, ішкі жылу желілерінің сыртқы жылу желілерінен ажыратылуы тиіс.
Қазіргі кезде қатты отын сату мәселесі де қалада өз деңгейінде жүргізілуде. Шаһар тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкер «Қарымсақов» пен «KHAS COM» кәсіпкерлігі жұмыс істеп тұр. Біріншісі Екібастұздан келген тас көмірді сатса, екіншісі Шұбаркөл көмірін саудалауда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!