Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жылу маусымына дайындық пысықталды

10.07.2021

2128 0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен жылу маусымына дайындық мәселелері бойынша жиын өтті. Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов 2021–2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы баяндады.

Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қала және аудан әкімдері мен бағдарлама әкімшілері, кәсіпорындар мен энергонысандарда бекітілген іс-шараларға сәйкес жүруде. Атап айтсақ, «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнында 2 қазандық, 5 күштік трансформаторлар, 17 АБМҚ және 4,1 км жылу жүйелеріне, «Қызылорда Оңтүстік жылу орталығы» филиалының 7 қазандығына, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалының 4 бу қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы жөндеу жұмыстары 73% орындалды.

Осы жылы «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ бойынша 602,41 км электр желілері мен 79 дана әр түрлі кернеулі қосалқы стансаларға күрделі жөндеу, 487,17 км электр желісі мен 61 дана әр түрлі кернеулі қосалқы стансаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары қаралып, 50 % орындалған. Ал, «КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы – алдағы жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін 50 дана ГРП-мен 208 дана ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстары 75% орындалды.

Ауыз су және кәріз жүйелеріне 1,5 шақырым, ауыз су қысымын көтеру станциясының 4 дана насос жабдықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары 65% орындалған.

Бүгінгі күні облыс бойынша 185 білім, 90 мәдениет, 102 денсаулық сақтау нысандарына және 245 кіші қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Жалағаш ауданындағы №118, №124 мектептерін күрделі жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы бөлініп, бүгінгі таңда, №118 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен, ал №124 мектепке мемлекеттік сатып алу конкурс жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 6 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына бейімдеу мақсатында бюджеттік өтінім ұсынылды.

Облыс бойынша бүгінгі күні барлығы 1222 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің 12% жылу маусымына дайын. Қалғандарында бекітілген кестеге сәйкес жұмыстар жүргізуде. Қызылорда қаласында орналасқан 11 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу мақсатында республикалық бюджеттен 681,9 млн. теңге қаржы бөлінген.

Сонымен бірге, Қызлорда қаласында жылу беру маусымына дайын емес 80 тұрғын үйдің тізімі анықталып отыр. Бұл ретте қала әкімі Ғанибек Қазантаев аталған үйлерге жылу беру жұмыстарын реттеу үшін қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Жалпы облыс бойынша әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 33 мың тонна қатты және 25 мың тонна сұйық отын қажет.Ал тұрғындардың қажеттілігі 140 мың тоннаны құрап отыр.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласында жылу беру маусымына дайын емес 80 тұрғын үйдің мәселесін бақылауда ұстап, уақытылы шешуді тапсырды. Қажетті қатты және сұйық отын жеткізу үшін дайындық жұмыстарын тез арада бастауды жүктеді. Сондай-ақ, жылу маусымына дайындық барысы жеке бақылауында болатынын айтып, бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау керек екенін назарға салды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аймақтағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылумен қамту жұмыстарына жауапты сала мекеме басшылары бірлесіп шаралар қабылдау қажет екенін баса айтып, тапсырмалардың орындалуын орынбасары Серік Сүлейменовке жүктеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: