Бейсенбі, 28 қараша, 00:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

1 қарашадан бастап Қазақстанда аяқ киімді цифрлық таңбалау енгізіледі

28.06.2021

868 0

Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылғы 1 қарашадан енгізілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұндай шешім сала өкілдерімен өткізілген кеңес нәтижелері бойынша қабылданды. 2021 жылғы 1 қарашадан бастап таңбаланбаған аяқ киімді өндіруге және еліміз аумағына әкелуге тыйым салынады. Ал бөлшек сауда бизнесінде таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін 2022 жылдың 1 қарашасына дейін қосымша мерзім бар», – делінген Цифрлық экономиканы дамыту орталығы баспасөз қызметінің мәліметінде.

Бұдан бұрын міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылдың шілдесінде енгізіледі деп жоспарланған болатын, алайда көптеген импорттаушылар күз-қыс маусымына шетелдік өндірушілерден алдын ала жарты жылға ерте тауарларға тапсырыс береді. Сондықтан көктемде тапсырыс берілген таңбаланбаған аяқ киімнің Қазақстан шекарасын 1 шілдеге дейін өтпей қалу қаупі туындаған болатын.

«Енді нарықта жаңа нормаларға мұқият дайындалу үшін тағы бес ай және таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін бір жылдан астам уақыт бар. Бизнес үшін тәулік бойы цифрлық таңбалау бойынша жедел желі жұмыс істейді. Цифрлық экономиканы дамыту орталығы үнемі мамандандырылған вебинарлар өткізеді, сала өкілдеріне жеке кеңестер береді. Аяқ киімді цифрлық таңбалау туралы пайдалы ақпарат markirovka.kz порталында бар. Сондықтан әрбір кәсіпкердің нарықтағы жұмыстың жаңа ережелеріне мұқият дайындалу мүмкіндігі мен уақыты бар», – дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.

Міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге кеден қоймалары да дайындалуда. Қойма аумағында кедендік рәсімдер кезінде шетелдік зауыттарда таңбаланбаған тауарға Data Matrix цифрлық коды бар стикерлер немесе этикеткалар орнатылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, тауарларды цифрлық таңбалау – бұл ЕАЭО деңгейінде жүзеге асырылатын ұлтаралық жоба. Аяқ киім саласы елімізде міндетті цифрлық таңбалау енгізілетін алғашқы салалардың бірі. Мұндай шешім нарықтағы контрафактілік деңгейін ескере отырып қабылданды. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша аяқ киімнің көлеңкелі нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5%-ын құрайды. Аяқ киімнің цифрлық таңбалануы нарықты контрафактіден тазартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, аталған шара қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тұтынушылар таңбаланған тауардың түпнұсқалығын оңай тексере алады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: