Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова министрлер кабинетінде өткен брифингте медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жазаны күшейтуге қатысты Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне күш көрсетуге қатысты жеке баптар енгізіледі. Осылайша, бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды қарастыратын жаңа – 158-1- бап енгізіледі.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, зорлық-зомбылық қаупі төнген жағдайда да, егер ол тіркелсе, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу қарастырылады.
«Ал егер бір дәрігерге, медицина қызметкеріне зорлық-зомбылық жасалса, бұл 2 жылдан 7 жылға дейінгі жаза, ал төтенше жағдай кезінде болса – 10 жылға дейін.
Егер медициналық қызметкерлер тобына бірнеше адамнан төнген қауіп болса, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Сондықтан бұл біздің медицина қызметкерлерін қорғауға арналған барынша ақылға қонымды шаралар. Ал қыркүйекте олар парламентке ұсынылады», – деді денсаулық сақтау министрі.
Еске сала кетейік, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды мен Қостанайда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасап, адам өмірін арашалап жүрген жандарға қарсы қатыгездікті тоқтатуға шақырған еді.
23 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш көрсететіндерге қарсы жазаны қатаңдату туралы ұсынысты қолдады.
Кейін премьер-министр Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді. Ол министрлерге 10 күн ішінде Қылмыстық кодекске түзетулер әзірлеуді тапсырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!