Сейсенбі, 18 қараша, 00:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88, (2200)
18.11.2025
PDF мұрағаты

17 қараша – Халықаралық студенттер күні

17.11.2025

52 0

17 қараша әлемнің көптеген елінде аталып өтетін Халықаралық студенттер күні. Университет қабырғасындағы ең жарқын шақ, жаңа идеялар мен үлкен арманға толы кезең ретінде бұл күн әр жастың жүрегіне жақын. Осы атаулы күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің “Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары” басқармасының басшысы Жанар Сағынбаева мен өңірдегі бірқатар жоғары оқу орындарының белсенді студенттері қатысып, университеттердің студенттік өмірдегі рөлі мен өз жетістіктері жайында әңгімеледі.

– Студенттік кезең – адамның өміріндегі ең ерекше кезең. Президентіміз өз Жолдауларында жастарды қолдауды ұлттық басымдық ретінде атап көрсетіп, нақты бастамаларды жүзеге асырып келеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті тарапынан да студенттерімізге қолдау жасалып, мүмкіндіктер берілуде. Біздің университетте қазіргі таңда 11 527 білім алушы бар, олардың арасында шет елдерден келген студенттер мен қандас бауырларымыз да бар. Университет студенттері тәжірибе алмасу мақсатында ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен басқа қалалардағы университеттер мен шетелге оқуға барады. Қазіргі таңда 2025-2026 оқу жылының І академиялық кезеңінде университет тарапынан еліміздің басқа өңірлердегі университетіне 17 студент өз өтініштері негізінде жіберілді. Сонымен қатар Польша, Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан, Бельгия, Корея, Өзбекстан елдеріне барлығы 42 студентіміз тәжірибе алмасып жатыр,- деді Жанар Ералханқызы.

– Қорқыт ата университеті жастарды дамытуға үлкен мүмкіндік беретін және академиялық сапасы жағынан ең жоғарғы оқу орындарының бірі. Мұнда біз өз саламыз бойына түрлі іс-шаралар мен ғылыми конкурстарға қатысып жетістіктерге жетіп отырмыз. Университет жанынан тіл білімі мамандарының кәсіби құзіреттілігін дамыту мақсатында “Тілтаным”, “Қоңыратбаев” сынды белсенді үйірмелер жұмыс істейді. Одан бөлек, бізде 21-ге жуық жастар ұйымы бар, университет студенттері осы ұйымдардың бәріне белсенді қатысады,- деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау білім беру бағдарламасының 4 курс студенті Қарақат Ыдырыс.

– Университетімізде 24 білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Биыл ең маңызды жаңалықтың бірі – жасанды интеллект бағытының ашылуы. Бұл – заман талабына сай, болашақ мамандарды даярлауда үлкен мүмкіншілік. Университет біздің кәсіби дамып, толыққанды тұлға ретінде қалыптасуымызға айтарлықтай үлес қосып келеді. Мен Ашық университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы қызметін атқарып, түрлі жобаларға белсенді араластым. Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Беларусь мемлекеттік университетінде білім алып, Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО құрылымында ерікті болу мүмкіндігіне ие болдым. Сонымен қатар «Жыл студенті – 2025» атағын иелену – мен үшін үлкен мәртебе ,- деді Қызылорда Ашық университетінің 3 курс студенті Рысдәулет Оралбайұлы.

– Республикалық студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының математика білім беру бағдарламасы бойынша 2 орын иегері және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Зерде» студенттік-ғылыми кеңестің төрағасы атандым. Университет қабырғасында жүріп көптеген жетістіктерге жете алдым. «Жыл студенті – 2025» атағына жетуіме жүйелі дайындық, ғылыми ізденіс және университеттің қолдауы себеп болды,- деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, “Білім Ыбырай” қоғамдық қорының 2 курс студенті Нұрасыл Қалмахан.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: