Жексенбі, 22 желтоқсан, 19:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

18 жасқа толғанда…

27.09.2022

1644 0

Ұлттық қор игілігі балаларға арналмақ

Қыркүйектегі Президент Жолдауында айтылған осы бір жаңалық көпшілікті қуанышқа бөледі. Анығын айтқанда, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылдан бастап балалардың есепшотына 18-ге толғанша Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы аударылатын болды.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Республика Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «2024 жылы 18 жасқа толмаған барлық баланың атына арнаулы шот ашылады. Олар кәмелет жасына толғанша қаржы түсіп тұрады. Шоттағы қаражат шетел валютасында болатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар жинақ бойынша пайыздар есептеледі. Бұл шаралар шоттағы қаржыны инфляциядан қорғауға мүмкіндік береді», –деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әрине, бағдарламаның жөн-жобасы енді жасалмақ. Ең бастысы, енді әр қазақ баласының есепшоты болатыны анық. Бұған дейін «мұндай болмақ қайда?» деп, жерінің байлығын халық игілігіне жұмсаған өркениетті елдердің тәжірибесі ертегідей айтылатын. Мәселен, Біріккен араб әмірліктері, Норвегия мемлекетіндегі ел болашағына жиналатын қор қаржысы әр қазаққа арман еді. Енді бұл арманға қол жеткізуге бір қадам қалғандай.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Ұлттық қор­дың валюталық активтерінің шілдедегі көле­мі 53,3 миллиард доллар болса, ал 31 тамыз­дағы дерек бойынша 53,8 миллиард доллар.

Президент Жолдауында айтқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы қалай жүзеге асады? Көп көкейіндегі сауалдың жауабын іздеп, ақпараттар легіне көз жүгірттік. Белгілі сарапшылардың бұл мәселе төңірегінде айт­қан пікірлері аз емес.

«Егемен Қазақстан» газетінде мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов­тың пікірі жарияланды. Сарапшының есеп­теуінше, бағдарлама аясында жыл сайын әр баланың шотына 74 мың теңгеден кем қаражат түспейді. «Ұлттық статистика бюросының дерегінше, аймағымызда 0-17 аралығындағы бала саны – 6 млн 300 мың. Шілденің аяғындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың активі 29,5 трлн теңгені құрады. Құрылғаннан бері бүгінгі күнге дейін қордың жылдық орташа кірісі 3,17 пайыз болды. Соңғы 5-10 жылда жылдық мәнде 1,70-1,67 пайызды құрады. Ұлттық қордың жылдық орташа инвестициялық табысы 935 млрд теңгені құрауы мүмкін. Осылайша, оның 50 пайызын балаларға берген жағдайда әр бала жыл сайын 74241 теңге алады» – дейді сарапшы.

Ал «Капитал» газетінде жарияланған «AERO Beta LP» бас директоры, tengenomika telegram арнасының авторы Ғалымжан Айтқазинның пікіріне сүйенсек, ел эко­номикасы әлі де жаңартылмайтын шикізат түрлерін сатудан түсетін түсімдерге тәуелді екенін еске салады. Оның айтуынша, мұндай тәуекелдер таяудағы бес жыл ішінде ұлттық қорды 3,6 млн доллар кірістен айыруы мүмкін.

Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров бүгінде бағдарламаны іске қосу тетіктері пысықталып жатқа­нын айтты. «Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, бағдарламаны іске қосу тетіктерін пысықтап жатыр. 18 жасқа дейінгі барлық балаға жеке жинақтаушы есеп­шот ашылатын болады. 2024 жылдан бастап жыл сайын балалардың есеп­­шотына Ұлттық қор­дың инвестициялық табысы­ның жартысы аударыла бастайды, – деді ол. Министрдің ай­туын­ша, инфля­ция­дан қорғану үшін қаражат доллармен сақталатынын жеткізді.

Осы орайда белгілі экономист Мақсат Халықтың пікірін білген едік. Ол былай дейді:

– Президент осы Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарлама жасап, оны 2024 жылы жүзеге асыруға тапсырма берді. Демек, бір жыл уақыт бар. Бір жыл ішінде оның механизмі жасалады деп үміттенемін.Негізінен идеясы дұрыс. Өйткені ұлттық қор құрылған кезде келешек ұрпақ қоры және дағдарыс кезінде пайдаланамыз деп құрылған. Біз оны көбіне қаржылық дағдарыс кезінде де, жақсы кездерде де пайдаланып жүрміз. Бірақ келешек ұрпақ қоры деген функциясы ескерілмей келді. Президент тапсырмасымен енді осы функциясы іске асатын болады. Менің ойымша, ең маңыздысы азаматтар қорды қадағалай бастайды. Өйт­кені әр балаға шот ашылып, оған қаражат түсіп жатса, онда ұлттық қордың жай-күйі қоғамдық бақылауда болады деп ойлаймын. Бүгінгі күнге дейін қоғамдық бақылаудан тыс болды, ұлттық қордың мәліметтері көбінесе жасырын болатын, бұл туралы көп есеп берілмейтін. Ал енді мұның бәрі ашық сипатқа енетін болады деп айтуға негіз бар.  Тағы бір атап айтарлығы, 18 жыл ішінде қанша ақша жиналады деген сұрақ айналасында түрлі пікір айтылуда. Бұл уақыт ішінде 3 мың доллардай қаражат жинақталатыны туралы мәлімет те айтылды. Меніңше, бұл қаражат аз. Қазір ұлттық қордың инвестициялық кірісі жылына 2-4 пайыз. Осы көлемде есептегенде жылына әр балаға 70 мың теңге көлемінде түсіп тұрады екен. Егер сол түсіп тұрған қаражаттың өзін айналымға салатын болсақ, онда қаражатты еселеп арттыруға болады деп ойлаймын. Сол кезде бала он сегізге толғанда 5,5-6 млн теңгедей қаражат жиналады.Бұл дәл қазіргі күймен айтқандағы жағдай. Ал ұлттық қордың кірісін арттыруға болады. Оның тиімділігін де арттыруға мүмкіндік бар. Жылына 10 пайыз кірістілігін қамтамасыз ете алсақ, ондағы қаражатты еселеп арттыруға болады. Қазір ұлттық қорда 52,5 млрд дол­лар қаражат болса, 5 млрд доллар жалпы инвестициялық кірістілігі болады, оның 2,5 млрд долларын 6 миллион 100 мың балаға бөлетін болсақ, шамаман 400 доллардан түседі. Сонда әр балаға жылына 200 мың теңгенің шамасында қаржы түседі. Егер ол қаражаттың өзін инвестициялық түрде еселейтін болсақ, онда әр балаға 15 млн теңгедей қаражат түседі деп айтуға негіз бар. Ол үшін, әрине, жұмыс істеу керек. Біріншіден, ұлттық қордың инвестициялық кірістілігіне жауап беретін мамандардың біліктілігі қатты қаралу керек. Екінші кезекте қоғамдық бақылау болу қажет. Одан кейін зейнетақы қорының қаржысын үш мақсатта беруге рұқсат бергені сияқты, баланың есепшотындағы ақшаны инвестициялық басқаруға беруге болады. Ата-ананың таңдауымен бала 18 жасқа толғанша ондағы қаражат инвестициялық басқаруға берсе, есепшоттағы қара­жаттың көлемі әлдеқайда жо­ғары бола­ды деп есептеймін, – дейді экономист.

Президент Жолдауында айтқандай, бұл қаржы кез келген уақытта алынбайды. Тағы бір айта кетерлігі, жиналған қаржының мақсаты бар. Жас ұрпақты білім алуына, баспаналы болуына алғашқы инвестиция бола­тыны  көңіл қуантады.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: