Тақырыпқа арқау болған мәселе Сырдария ауданында болған. Анығын тарқатар болсақ, Сырдария ауданындағы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы мемлекеттік бағдарлама аясында осы жылдың мамырында 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алған кәсіпкерге хат жіберіп, несиеге алған қаржыны табыс деп көрсетіп, 72 мың теңге салық төлеуі қажет екенін хабарлаған. Кәсіпкер проблемасымен Палатаға келіп, құқықтық көмек сұрады.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары мәселені зерттегенде оның бір кәсіпкердің ғана емес, «Ауыл аманаты» жобасы мен жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып жатқан мыңнан аса кәсіпкердің құқығы бұзылуы мүмкін екенін анықтады. Мәселе Палата жанындағы агроөнеркәсіп кешені кеңесі мен бухгалтерлер клубының бірлескен отырысында қаралды. Отырысқа Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Болат Нұрқожаев, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мен аудандық кірістер басқармасының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Гүлсара Қарымсақова мемлекеттік бағдарлама аясында берілген несие табысқа жатпайтынын, одан салық алынбайтынын атап өтті. Кәсіпкерлер осы қаржылық қолдаудың нәтижесінде кәсібін дамытып, пайдаға шыққан жағдайда салық төлейтінін жеткізді.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық «Жастарды шағын несиелеу» бағдарламасы аясында жалпы құны 1,2 млрд теңгеге 274 азамат несие алғанын, бұл жоба бойынша қазір қосымша 1 млрд теңге бөлінгенін айтты. Палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Болат Нұрқожаев осындай қиындық өзге де кәсіпкерлердің басында болуы мүмкін екенін алға тартып, салық органдарының өкілдерінен хабарлама жіберілген кәсіпкерлердің тізімін беруді сұрады.
Отырыстың қорытындысымен аталған мәселенің алдын алу мақсатында мемлекеттік кірістер органы өкілдерінен қала, аудандағы кәсіпкерлер арасында түсіндірме жүргізу ұсынылды.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!