Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

2020: Бірлік пен төзімділік сынға түскен шақ

31.12.2020

4032 0

Ертең григориян күнтізбесі бойынша тышқан жылын шығарып салып, сиыр жылын қарсы аламыз. Жалпы 2020 жыл халқымыз үшін де, әлем елдері үшін де оңай болған жоқ. Пандемияның салдарынан төрткүл дүние дүрлігіп, әбігерге түсті. Басқасын айтпағанның өзінде республикамызда халық денсаулығын жақсартып, вирусқа қарсы тұрудың түрлі амалдары қарастырылды. Елде төтенше жағдай жарияланды, карантин шарттарын сақтау талабы қойылды. Індет жұқтырып, өмірімен қош айтысқандарды аза тұту мақсатында қаралы күн де жарияланды. Жылдың аяғы базардағы нарықтың өсуіне әкеп соқты. Әйтеуір не керек, жұрт «тышқан жылы інге тықты» деп айтып жүр. Иә, бұл есте қалатын жыл болды.

Кетіп бара жатқан тышқан жылы адамзат тарихында індеттің өршуімен қалары анық. Пандемия белең алса да ел келешегін ойлаған азаматтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білді. Соның арқасында бітпестей болған талай иіннің түйіні тарқатылды. Ауруханаларда ем қабылдап жатқан қаншама жанға тыныс алу аппараттары жеткізілді. Дәрі-дәрмек тапшылығы жойылды.

Індет алқымнан алған тұста Сыр елінде де ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылды. Бүгін бәріне бірдей тоқталмай-ақ Қызылорда қаласындағы бірді-екілі атқарылған жұмыстарды саралағанды жөн көрдік.

Алдымен Сырдың бас шаһарының тышқан жылындағы бюджеті қанша болғанына назар салайық. Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткен биылғы жылды қорытындылаған шарада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бюджеттің көлемі едәуір артқанын мәлім еткен болатын. Қолда бар дерекке сүйенсек, қала бюджеті жыл басында 68,9 млрд теңге болып бекітілсе, бұл көрсеткіш жыл соңында 95 млрд теңгеге жеткен.

Қазына қазанының ұлғаюынан Қызылордада қыруар тірлік атқарылғанын көруге болады. Жалпы Сыр елі соңғы кезде қарыштап дамып келе жатқаны белгілі. Әсіресе халықты баспанамен қамту, құрылыс жұмыстарын жүргізу, жол салу, елге қажетті нысандарды соғу сынды жұмыстар белең алған. Бұл жағынан алғанда республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтың санатында екенін айта кеткен жөн. Дәлел ретінде биыл Қызылорда қаласының өзінде 1500-ге тарта отбасының баспаналы болғанын айтып өтсек те жетеді. Қалада тағы 2380 пәтерді қамтитын 52 көпқабатты тұрғын үй салынуда.

Жуырда газетімізге қайта жаңғырған үйлер туралы мақала берген болатынбыз. Сол тұста қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев Қызылордада 37 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп жатқанын айтқан. Бұдан бөлек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне 26 үйді жаңғыртудан өткізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылған. Бұдан шаһардағы ескі үйлер де жаңа кейіпке еніп келе жатқанын аңғаруға болады.

Биыл жол жөндеу жұмыстары да қарқын алды. Нақтырақ айтатын болсақ, 408 көше орташа және күрделі жөндеуден өтті. Ең бастысы, халық сұранысына сай жұмыс жасалуда. Пандемия белең алған тұста біраз кәсіп иелері тығырықтан шығудың жолын іздеді. Нәтижеге жеткендері де бар. Әсіресе облыс орталығында ауыл шаруа­шылығы өнімінің көлемі өткен жылғымен салыс­тырғанда 101,4 пайызға артығымен орындалды. Аймақ бойынша жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 46 пайыздан астамы Қызылорданың үлесінде.

Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысан салынды. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен  жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауық­тыру орталықтары бой көтерді. Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында тұрғындар сұранысына сәйкес «Бәйтерек» шағын ауданында 600 орындық мектеп және «Саяхат» шағын ауданында 300 орындық білім ұясының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге «Тағзым» мемориалы, «Сыр-Ана» монументі, «Темір жол» саябағы, Назарбаев даңғылы абаттандырылды. Бұдан бөлек «Дәрігерлер» аллеясы мен «Денсаулық» саябағы ашылып, 600 орындық мектеп пен балалар алаңдары пайдалануға берілді.

Сыр елінің бас қаласында тышқан жылы міне, осындай тірліктердің түйіні тарқатылған. Мұның барлығы табанды тірлік пен берекелі бірліктің арқасында жүзеге асқанын айта кеткен жөн.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: