Сенбі, 22 қараша, 13:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№89 (2201)
22.11.2025
PDF мұрағаты

2026 салық: Жеңілдіктер емес, жүктемелер

22.11.2025

45 0

Фото: pixabay

Қазақстан Үкіметі оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынатын қызмет түрлерінің жаңартылған тізімін бекітті. BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.

“Атамекен” ҰКП мәліметінше, бұл шешім мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастығы және қоғам белсенділерінің бірнеше айлық жұмысының нәтижесінде қабылданған. Мақсат – адал кәсіпкерлікті қорғау және бизнеске қажет тепе-теңдікті сақтау.

Құжаттың соңғы нұсқасы кәсіпкерлердің басым бөлігіне бұрынғыдай жеңілдетілген режимде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті палата өкілдері:

Қай қызмет түрлері жеңілдетілген режимнен шығарылады?

Тізімде жалпы 44 негізгі санат және ЭҚЖЖ бойынша 185 қызмет түрі бар. Бұлар міндетті түрде жалпыға бірдей салық салу тәртібіне өтеді.

Жеңілдетілген режимге тыйым салынатын негізгі қызмет түрлері:

• қаржылық, сақтандыру және делдалдық қызметтер (ломбардтар, банктер, сақтандыру брокерлері т.б.);

• темекі, алкоголь сияқты акцизделетін тауарларды өндіру және көтерме сату, сондай-ақ бензин, дизель, мазут сату

(сұйытылған газдың бөлшек саудасы шектелмейді);

• бухгалтерлік есеп, аудит, заңгерлік, адвокаттық, нотариалдық, маркетинг және кеңес беру қызметтері;

• тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың құрылысы, жобалау және жылжымайтын мүлікті сату;

• пайдалы қазбаларды өндіру (алтын іздеу қызметінен басқа), қара және түсті металл жинау;

• 1-3 санаттағы сауда нысандарын субарендаға беру.

Тізімге кірмейді:

4 және 5 санаттағы, ауданы 200 шаршы метрге дейінгі минимаркеттер мен үй жанындағы дүкендер.

Кәсіпкерлерге маңызды ескерту

“Атамекен” кәсіпкерлерге өз ЭҚЖЖ кодтарын тексеруге кеңес береді. Егер қызмет түрі тыйым салынған тізімге кірсе, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жалпыға бірдей салық тәртібіне өту қажет.

Сондай-ақ АСР бойынша жасалған мәмілелерге қатысты шегерімдерге шектеулер бар.

Шенеуніктер не дейді?

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов бұл шешімді оң өзгеріс деп атады.

Президент тапсырғандай, артық шектеулер алынып тасталды. Бұл – үлкен жетістік. Шағын бизнес тексерілмейді, камералдық бақылау жойылады. Салық бойынша негізгі қарызды 1 сәуірге дейін өтегендер үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар кешіріледі. Бұл – ортақ жеңіс, – деді депутат.

Енді нақты айқындық бар: тыйым салынған тізімде жоқ барлық кәсіпорындар арнайы салық режимін қолдана алады. Бұл бизнеске келесі жылға жоспар құруға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді “Атамекен” басқарма мүшесі Тимур Жаркенов.

Енді кім аз салық төлейді?

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңартылған арнайы салық режимі (жеңілдетілген декларация) бойынша базалық ставка 4% болып белгіленген. Алайда шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында елдің бірқатар өңірінде маслихаттар салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылдады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 1 желтоқсанға дейін ставкаларды бекітуге шақырған болатын, себебі кәсіпкерлерге жаңа талаптарға алдын ала бейімделу маңызды.

Өңірлер бойынша төмендетілген ставкалар

Ақмола облысы

  • Өңірдің барлық ауданында – 2%.
  • Жақсы ауданында базалық ставка – 4%.
  • Ерейментау ауданы: маслихат шешімімен ставка 2026 жылдан бастап 4%-дан 2%-ға төмендетілді.

Атырау облысы

  • Атырау қаласы, Махамбет ауданы, Жылыой ауданы – 2%.
  • Атырау қаласының маслихаты 2026 жылдан бастап ресми түрде 2% мөлшерлемені бекітті.

Шығыс Қазақстан облысы

  • Өскемен қаласы – 2%.

Солтүстік Қазақстан облысы

  • Аққайың ауданы – 3%.

Алматы қаласы

  • Әкімдік салық мөлшерлемесін 4%-дан 3%-ға төмендетуді ұсынды.
  • Қазір маслихаттың соңғы шешімі күтілуде.

Астана қаласы

  • Әкімдік ставкасын 2% деңгейінде белгіледі.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Алматы қаласында шағын дүкендер үшін жеңілдетілген салық мөлшерлемесінің енгізілуін маңызды шешім деп бағалады. Оның айтуынша, бұл бастама бірнеше ай бұрын көтерілген.

Қожаназаровтың айтуынша, ол партия атынан Алматы әкімі Дархан Қыдырәлиевпен кездесіп, кейін ресми хат жолдап, шағын дүкен иелерінің ұсыныстарын жеткізген.

Депутаттың мәлімдеуінше, негізгі мақсат – азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау және шағын бизнеске түсетін салық жүктемесін азайту болған.

Әкім бұл бастаманы қолдады. Енді бес мыңға жуық дүкен иесі 3% мөлшеріндегі жеңілдетілген салық төлейді. Бұл – кәсіпкерлер үшін де, қала тұрғындары үшін де аса маңызды шешім, – деді Қожаназаров.

Сонымен бірге депутат осындай батыл қадамдарды басқа өңір әкімдерінен де күтетінін атап өтті.

Ставка қандай салықтарға қолданылады?

Төмендетілген мөлшерлеме:

  • корпоративтік табыс салығына (КТС),
  • жеке табыс салығына (ЖТС) қолданылады.
    Төлем көзінен ұсталатын салықтарға таралмайды.

Нені білу қажет?

  • 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бөлшек салыққа негізделген ескі арнайы режим толығымен жойылады.
  • Барлық кәсіпкер жеңілдетілген декларация негізіндегі жаңартылған режимге өтеді.
  • Өңірлер бекіткен төмендетілген ставкалар кәсіпкерлердің салық жүктемесін айтарлықтай азайтады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: