Жыл санауы бойынша 2026 жыл Жылқы жылы саналады. Бұл жыл қандай болмақ, қоғам мен адам өмірінде қандай өзгерістер болжанады? Осы жөнінде нумеролог Құралай Бақыт өз болжамын айтты,– деп хабарлайды KAZINFORM
Нумерологтің түсіндіруінше, 2026 жылдың саны – 1, ал бұл жаңа бастама мен қозғалыстың символы саналады.
– 1 саны – жаңа жолдың белгісі. 2026 жылы адамдар тәуекелге жиі барып, тез шешім қабылдайды. Бұл жылды шартты түрде ғалымдар, спорт және IT жылы деп атауға болады. Себебі автоматтандыру, жасанды интеллекті мен логикаға негізделген салалар қарқынды дамиды, – дейді Құралай Бақыт Jibek Joly телеарнасының «Bugin LIVE» бағдарламасында.
Маманның айтуынша, жылдың стихиясы – от, ал ол жылдамдық пен үлкен өзгерістерді білдіреді. Осы себепті алдағы жылы әлемде де, Қазақстанда да үдерістер өте қарқынды өрбімек. 2025 жылы шығармашылық пен шоу-бизнес белсенді болса, 2026 жылы спорт пен денсаулық алдыңғы орынға шығады.
– Көп адам тамақтануға, спортқа, жалпы денсаулығына көбірек көңіл бөле бастайды. Бұл – жылдың ең үлкен артықшылығы, – дейді нумеролог.
Сондай-ақ ол 2026 жылдың екінші жартысы отбасын құруға қолайлы екенін атап өтті. Ал жылдың алғашқы айларында асығыс шешім қабылдамауға кеңес береді. Бойдақтар үшін бұл жыл жеке өмірде оң өзгерістер әкелуі мүмкін.
Айларға тоқталсақ, қаңтар мен ақпан – медициналық тексерулерден өтуге қолайлы кезең. Наурыз, сәуір және тамыз айлары баспана алуға ыңғайлы. Мамыр айында білім мен оқуға инвестиция салған дұрыс.
Нумеролог жыл сандарына қарай да болжам ұсынды. Оның айтуынша:
6 және 7-мен аяқталатын жылдары туғандар үшін махаббат, отбасы және мансап үйлесім табады;
2 мен 3-ке аяқталатындар үшін табысты, ірі сатып алуларға қолайлы жыл;
0 мен 1-ге аяқталатындар үшін рухани ізденіс кезеңі, денсаулыққа мән беру қажет;
4 пен 5-ке аяқталатындар үшін қозғалыс пен сапарлар көбейеді;
8 бен 9-ға аяқталатындар үшін 2026 жыл – жаңа бастамалардың жылы.
Сондай-ақ маман жылдың түсі от стихиясына сай қызыл екенін атап өтті.
Нумерологтің болжамынша, 2026 жылдың екінші жартысы Қазақстан экономикасы үшін де қолайлы кезең болмақ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
