2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанның қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік біршама бәсеңдеді. Freedom Holding Corp. және S&P Global деректеріне сәйкес, қызмет көрсету саласы бойынша PMI индексі қарашадағы 48,7 деңгейінен 49,5-ке дейін сәл көтерілгенімен, бейтарап 50,0 шегінен төмен қалыптасты, – деп хабарлайды kursiv.media
Бұл сектордағы өндіріс көлемі үшінші ай қатарынан қысқарғанын білдіреді, алайда желтоқсандағы төмендеу қарқыны соңғы айлармен салыстырғанда әлсіз болды.
Сауалнама нәтижесі қызмет көрсету секторындағы жағдайдың біркелкі емес екенін көрсетті. Кейбір компаниялар жаңа келісімшарттардың арқасында тапсырыс көлемін арттырғанын айтса, басқа кәсіпорындар клиенттердің төлем қабілетінің төмендеуі мен сұраныстың әлсіреуіне байланысты қызмет көлемін қысқартуға мәжбүр болған.
Жаңа тапсырыстар саны желтоқсанда 14 ай қатарынан өсім көрсеткен. Алайда бұл өсім елеусіз болып, 2025 жылғы маусымнан бері ай сайын бәсеңдеп келеді. Соңғы көрсеткіш соңғы он айдағы ең әлсіз өсім ретінде тіркелді.
Компаниялар жаңа тапсырыстардың бір бөлігін 2026 жылы күшіне енетін қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өсуіне дейін клиенттердің алдын ала сатып алуға ұмтылуымен байланыстырады.
Іскери көңіл күй айтарлықтай нашарлады. Алдағы 12 айға қатысты болжамдар 2020 жылғы сәуірден бергі ең төмен деңгейге түсті. Компаниялар салық саласындағы өзгерістерге байланысты белгісіздік күшейгенін атап өткен. Бұл фактор қызмет көрсету саласындағы сенімнің әлсіреуіне негізгі себептердің бірі ретінде көрсетіледі.
Еңбек нарығында да қысқару үрдісі жалғасты. Желтоқсанда қызмет көрсету секторында жұмыспен қамту қатарынан төрт ай төмендеді.
Баға қысымы 2025 жылдың соңында бәсеңдеді. Қызмет көрсету саласында баға өсімі бір жыл ішіндегі ең төмен қарқынмен тіркелді. Шығындардың артуы негізінен шикізат бағасының қымбаттауымен байланысты болғанымен, компаниялар бағаны шекті деңгейде ғана көтере алған.
2025 жылдың қарашасында қызмет көрсету саласында өндіріс бәсеңдеп, іскерлік белсенділік соңғы 15 айдағы ең төмен деңгейге түскен. Сол кезде кәсіпкерлер жаңа тапсырыс жоқ деп мәлімдеген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
