Жексенбі, 24 қараша, 01:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Жабық есік ішіндегі өмір

23.06.2022

982 0

– репортаж –

Біздің газеттегі әр саланың қызығы мен шыжығын баян ететін және олардың бір күндік жұмысының қыр-сырымен таныс қылатын «Журналист басқа мамандықта» айдарын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Бүгін біз Қызылорда облысы Қылмыстық атқару жүйесіне  қарасты ЗК-169/1 республикалық мемлекеттік мекемесіне (тергеу изоляторы) ат басын бұрдық.

Тергеу изоляторында жазасын өтеушілермен мұндағы мекеме қызметкерлері түрлі жұмыстар жүргізіп келеді. Олар қызметтің қиындығына қарамай құқықтық тәртіпті сақтап, өз міндеттерін атқаруда. Бүгінгі әңгіме ауаны сол жайында болмақ.

Ақ пен қара

Әдетте, түрме, тергеу иззоляторы дегенді естігенде сабырлы қалпыңды сақтап тұра бересің ғой. Алайда оның ішкі аурасын сезіну, көру секілді дүниелер санаңа салмақ салмай қоймайды екен. Әйткенмен біз осы тақырыпты қаузамаққа бекіндік. Сөйттік те жазғымыз келетін дүниенің нобайын әуелі қағаз бетіне түсірдік. Содан соң мекемеге хабарласып, баратын күнді белгіледік.

Уәделі күн жетті. Көлікпен қаланың тар көшелерін қуалап келіп, төрт қабатты, сырты биік қабырғалармен қоршалған тергеу изоляторына жеттік. Алғашында алып қорғанның сұлбасындай көрінген бұл мекеменің іші тіптен суық көрінді.

Изоляторға кірген бойда бізді мемлекеттік тілде аудармашы маманы Раушан Әбдірахманова күтіп алды. Бүгінгі жолбасшымыз – осы кісі. Әуелі тексерістен өтіп, сосын апаймен ішке беттедік. Байқағанымыз, мұнда айналаңдағылардың бәрі саған жат көзқараспен қарайды екен. Ал онда отырған әрбір адамның жүзінде қалың бір ой қылаң береді. Бір қарағаннан түсінгеніміз, түйгеніміз бұл. Мұнда тағдырдан теперіш көргендер де, талайдың тағдырын тәлкек еткендер де бар. Тек оны өз аузынан естуге еш мүмкіндік жоқ. Хош. Барлық ойды ысырып қойып, күзетшінің киімін кидік те, тергеу иззоляторының қызу тірлігіне кірістік.

Жабық есік ішіндегі өмір

Темір есіктен енгенде…

ЗК-169/1 тергеу изоляторындағы жұмыс мекеменің кіре берісіндегі фронт-офистен басталады.

Мекемедегі қызметкерлерден бастап, кіріп-шыққан әрбір келушіні жіті тексеретін бұл күзет қызметі мұнда маңызды рөл атақарады. Айыпталушылар мен күдіктілер, тергеудегілер және шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталған азаматтар ұсталынатын бұл тергеу изоляторының сыйымдылығы  –430 адам. Осыншама адамға келетіндерді қабылдап шығаратындар да осылар. Мекеме келушілерге таңғы сағат 8-ден бастап, 19-ға дейін қызмет көрсетеді. Мекемеге жақындарымен көрісуге не сәлем-сауқат жеткізуге күніне шамамен 120-ға жуық адам келеді.

Иә, мекеменің келушілерге алғашқы қызметі осы тұстан басталады. Мұндағы бақылаушылар, әсіресе аға бақылаушы «Режим және күзет» бөлімі (РжКБ) тексеру тобының аға жедел уәкілі Ерлан Ибраимов барлық келушілерді жылы жүзбен қарсы алып, азаматтардың сұрақтарын мұқият тыңдап, толық кеңес береді. Одан соң әр заңды өкіл мен адвокат не тергеушілерді кезекке тіркеп, кіру талондарын ұсынады. Кезек күту уақытында, күтушілер тарапынан ешқандай дау-дамайдың туындап кетпеуін қадағалайды. Сондай-ақ жабық мекемеге сырттан келушілерді тінту, тексеру жұмысын да жүргізеді. Әрі тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін қадағалау осылардың жауапкершілігінде. Аталған бақылау бөлімінің қырағылығының арқасында биыл ешқандай тыйым салынған заттардың ішке алып өту фактісі тіркелмеген.

Жабық есік ішіндегі өмір

Айлалы әрекеттер айғақталатын жер

Мекеменің екінші тексеру бөлімі «Сәлем-сауқат» бөлімі деп аталады. Мұндағы жұмыс таңғы сағат 8:30-18:30 аралығында жүреді. Мұнда келушілер темір тордың ар жағында отырған танысына тамақпен өзге де қажетті заттар әкеледі. Соны қабылдап, тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін РжКБ-ның қатардағы бақылаушылары Қанат Сақтағанов пен Гүлдана  Балбатырова қадағалайды.

Мұнда қырағы болмасаң қиын. Қиыннан қиыстырып, тағамның не сусынның ішіне тыйым салынған зат салып, қамаудағыларға жеткізетін келушілер де болады екен.

Мәселен, өткен мамыр айында сәлем-сауқат қабылдау бөлмесіне келген  бірнеше азаматтың азық-түліктері арасынан тыйым салынған зат тәркіленген.

Сөзімізге дәлел болсын, соның бірнешеуін осы тұста айта кетейік. Сырттай қарағанда бір литрліктен екі пластмасса құтысындағы салқын суды ешкім ажырата қоймайды ғой. Алайда, оны әкелген азамат мұндай сұйықтықтардың да ашылып тексерілетінін білмеген болуы керек. Сақ бақылаушы құтыны ашып көргенде спирттік ішімдіктің, нақтырақ айтсақ,  коняктің исін бірден сезген. Енді бірі,  ет тамақ  ішінен  фальга қағазына орап 1 дана «INOI» маркалы ұялы телефоны мен 1 дана «билайн» сим картасын өткізбек болған. Екеуінің де ісі айғақталып, сотқа жолданған. Бақылаушы Қанат Сақтағановтың айтуынша, егер келушіден тыйым салынған заттар тәркіленсе, алғашында ескерту, сосын айыппұл салынады. Үшінші рет қайталаса, екі айға қамауға алынады. Ал егер алда-жалда іштен тыйым салынған затпен ұсталғандар болса, оларға шара көріледі. Ондайларға алдағы сот процесінде жеңілдіктер жасалмайды.

– Жалпы нұсқаулыққа сәйкес, 1 адамға 20 келіден аспайтын сәлем-сауқатқа рұқсат беріледі. Спирттік заттар мүлдем алынбайды. Не зат әкелсе де сол 20 келіден аспауы қажет. Оның ішіне суы, киім-кешегі мен тамағы кіреді. Сәлем-сауқатқа келген тамақтардың барлығын мұқият тексеріп аламыз. Шұжықты 3-4 бөлікке бөліп тастаймыз. Сулардың аузын ашып иіскейміз, ал іші көрінбейтін, түсі бөлек сулардың ішіне мынадай темірді салып, араластырып көреміз. Бұл ішінде артық зат болмас үшін. Одан бөлек, сүттерді каропкамен емес, арнайы құтыға құйып тексереміз. Назардан ештеңе тыс қалмайды. 500 дана кәмпит алып келсе, бәрін ашып тексереміз.

Тергеу изоляторында айыпталушылар мен сотталғанға дейінгі азаматтар отыратын болғандықтан сәлем-сауқатты күнделікті қабылдай береміз. Жексенбі тазалық күні болып саналатындықтан басқа күндері күнделікті жұмыс істейміз. Ал абақтыдағы шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандар күнделікті сәлем-сауқат қабылдай алмайды. Оларға заң бойынша айына екі рет қана сәлем-сауқат алуларына рұқсат етілген, – дейді бақылаушы Гүлдана  Балбатырова.

Айтпақшы, осы тұста айта кетейік, жақындарына келген адамдар мұнда сәлем-сауқатпен шектелмейді. Олардың кездесуіне де жағдай жасалған. Бұл жерде қысқа мерзімді кездесу 2 сағатты құраса, ұзақ мерзімді кездесу 2 күнді құрайды. Яғни әйелі күйеуіне, не күйеуі әйеліне және өзге де туыстары екі күн арнайы бөлмеде қона алады. Оның ішінде жатын бөлме, асхана және әжетхана бар. Алайда ұзақ мерзімді кездесуге 6 айда бір-ақ рет рұқсат етіледі.

Жабық есік ішіндегі өмір

Тінту – келер қауіптің алдын алады

Талай адамның тағдыры шешілетін бұл мекемеде ең бастысы –қырағылық. Тергеу иззоляторы толықтай бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Ал күзет қызметі ешнәрсені назардан тыс қалдырмайды. Өйткені сәл босаңсыса, қамаудағылар айласын асырып, ішке тыйым салынған заттарды алып кіруі бек мүмкін. Сондай айлалы әрекет болмас үшін бақылаушылар әрбір камераға тексеріс жүргізіп отырады. Тінту жұмыстарының қалай өткізетіндігі жайлы РжКБ-нің бастығы, әділет майоры Жаңаберген Мамай былайша баяндап берді.

– Тергеу изоляторы – қауіпсіздігі орташа мекеме. Бұл жерде күдіктілер, айыпталушылар мен  тергеу қамауындағылар және бес жылға дейінгі бірінші рет бас бостандығынан айрылған сотталғандар қамауда ұсталады. Міне, осы азаматтардан мекемеде ұстауға тыйым салынған заттарды тәркілеу  мақсатында, әр тоқсан сайын жылдық жоспарға сәйкес, жаппай тінту іс-шараларын өткізіп отырамыз.

Оған Қызылорда облыстық прокуратурасынан және департаментке қарасты осындай өзге тергеу изоляторлары мекемелерінің жеке құрамы шақыртылады. Осыдан соң тексеру тобы мен арнайы темір іздегіш құралдармен жасақталған жеке құрам, мекеменің  арнайы контингент ұсталынатын ішкі ғимаратына кіргізіледі. Алдымен  қамаудағы азаматтар  арнайы алаңқайға шығарылып, олардың керуетіндегі көрпе-төсектері, шкафтарын жеке-жеке кезегімен  қарап шығады. Одан кейін медицина бөлмелері, шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандардың жатақханасы, асхана, монша, бу қазандықтары, тіптен санитариялық тораптарға дейін мұқият тексеріледі. Тінту жұмыстарына желілік емес локатор қолданылады. Барлық бекеттерге қызметкерлер, кинолог бақылаушылар жұмылдырылады, – дейді әділет майоры Жаңаберген Мамай.

Иә, мұнда әр адымыңды тексеріп отырады. Мекемеде қамаудағылармен қоса, қызметкерлер де жіті бақылауда. Яғни сыбайластық болмас үшін әрі нақты дәлелдемелермен жұмыс істеу мақсатында қызметкерлерге де бейнетіркегіш орнатылған.

– Мұндағы қызметкерлер киіміне портативті алып жүретін бейнетіркегіш орнатылған. Бұл – ІІО қызметкері аудио-бейне жазбаны жүзеге асыру үшін арналған техникалық құрылғы. Қызметкердің кеуде тұсында тұратын бұл бейнежетон сотталғандар мен тергеу қамауындағылардың тарапынан болатын құқық бұзушыларды қолда бар жазбалар бойынша тексеру процесін жеделдетуге арналған. Санамалап айтсақ, бейнежетон аудио-бейне жазуға, сапалы дәлелді базаны қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықты анықтау мен жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмас үшін қажет. Жалпы тексеру іс-шаралары мен түсіндірме жұмыстарының жазбаларын сақтау мерзімі 12 айды құрайды, – дейді әділет капитаны, мекеменің инжинер техник маманы Асхат Бердібек.

Еске сала кетейік, бұл төрт қабатты тергеу изоляторында сотталған әйелдерге арналған камералар бар. Соның ішінде емізулі баласы бар аналарға бөлек бөлме қарастырылған.

Жабық есік ішіндегі өмір

Тіршілік көзі

Мұндағы бір күн біраз нәрсеге куә етті. Мұнда мекеме қамауындағыларды материалдық-тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз ететін «Тылмен қамтамасыз ету бөлімі» бар. Жолбасшымыз «бұл бөлім мекеменің – тіршілік көзі» дейді.

Мұндағы жұмыс қарбалас екен. Мекеме қамауындағыларды жылумен, тамақпен, күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мұндағы қызметкерлердің басты міндеті.

Бөлім бастығы Руслан Жолмановтың айтуынша,  тыл бөлімі  сотталғандар мен тергеудегілерді арнайы тамақтану, киіну, жеке-гигеналық заттарды үлестіру, төсек-орын жабдығымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейді. Мұнда тұтқындар тұтастай камералық жүйемен ұсталады. Ал камераларға теледидар орнатылған. Онда барлық санитарлық-гигиеналық талаптар сақталады.  Камералар жылу жүйесімен жабдықталған және түнгі уақыттарда электр жарығы берілген.

– Мекемеде тұтқындағылардың тұрмыстық жағдайы күн тәртібінен түспейді. Өйткені мұнда келіп түскендердің әрқайсысына бірінші кезектегі қажетті жеке төсек орын, матрас, жастық және жапқыш, жеке керует беріліп, оның ақ жаймасы апта сайын ауыстырылып отырады. Аптасына бір рет моншаға түседі. Шаш, сақал мұрттары алынып, бет-әлпетін жинақы ұстауына да жағдай жасалған, –  дейді  комендант Қайрат Сыздықов.

Айтпақшы, бұл тергеу изоляторында отырғандарды керек-жарақпен, тамақ-сумен қамтамасыз етуге жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді. Мекеме мамандарының айтуынша, сотталғандардың бір күндік тамағына 7826 теңге жұмсалады.

Жазасын өтеушілерді азық-түлікпен қамтамасыз ету  деңгейі  де өте жоғары. Мүгедектер мен белгілі бір сырқаты  бар адамдарға  арнайы норма бойынша ас-су дайындалады. Сонымен қоса ауысым уақытында инфекциялық аурулардың алдын алу мен иммунитетті көтеру мақсатында құрамында дәрумені мол тағамдар жиірек беріледі.

– Маған  ҚР ҚК- нің  272 бабы бойынша айып тағылған. Ісім тергеуде. Жұмыссыз болғандықтан әр жерден тапқан табысыма артық таңсық тағамдарды сатып  алуға қаражатым жете бермейтін. Ал бұл мекемеде ас  әртүрлі мәзірмен дайындалады. Ыстық тағамдарға сиыр, тауық еттері үздіксіз қосылып жасалады. Бұдан бөлек, балық пен сүт өнімдері,  жұмыртқа, кофе мен компот, сок және жеміс-жидектер соның ішінде лимон мен алма күнделікті беріліп тұрады, –  дейді «С» есімді тергеудегі азамат.

Айта кетейік, мекемеде сотталғандар еңбекке тартылған. Изолятор 34 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Алайда бүгінде 11 сотталушы әртүрлі жұмыста қызмет етуде. Ал олардың айлық көлемі – 74 мың теңге. Айлықтың негізгі бөлігі бостандықтағы отбасына түсіп тұрады. Бір қызығы, сотталушылар мұнда да еңбек демалысына шыға алады.

Жабық есік ішіндегі өмір

Психологиялық көмектің жөні бөлек

Қоғамнан алшақтау – жазасын өтеуші үшін өте ауыр психологиялық стресс. Сондықтан психологтардың көмегенсіз сотталғандарды тәрбиелеу мүмкін емес. Содан да болар қылмыстық атқару саласындағы психолог маманның жұмысы сотталған не айыпталушы азаматтардың қамауға келіп түскен күнінен бастап, жаза мерзімін өтеу кезінен мекемеден босатылып шыққанға дейін жалғасады. Мұнда бұл іспен арнайы контингент арасында әлеуметтік психологиялық тәрбие жұмысы бөлімі айналысады. Бөлім бастығы, әділет капитаны Ардақ Тұрманов мұнда 6 қызметкер жұмыс жасайтынын айтты. Нақтырақ айтсақ, жасақ бастығы, 2 теолог, 2 психолог және 1 кітапханашы бар.

  – Мекемеде экстремизм мен радикализм идеологиясын ұстанған жазасын өтеуші сотталғандардар арасында мінез-құлқы мен көңіл-күйін бір  қалыпқа түсіру мақсатында жұмыс істейміз. Айта кетейін, мұнда діни мәселе бойынша түскендер бөлек ұсталады. Сондай-ақ олардың өзге пікірлестерімен қосылуына жол берілмейді.

Бұдан бөлек, кейде бірінші рет сотталғандар, сот үкімін естіген соң, терең күйзеліске түсіп кетуі мүмкін. Жаза үкімінің үрейі, алдағы темір торда өткізілетін бірнеше жылдар, міне осының бәрін жеңуі үшін қамаудағылармен профилактикалық және  психикокоррекциялық  жаттығулар жүргіземіз. Бұдан бөлек майнд-машинаны қолдана отырып, релаксация жасалады. Сондай-ақ сурет салу арқылы ішкі  эмоцияларын  шығарып, жеңілдеулеріне түрлі көмек көрсетеміз, – дейді ЗК-165/1 тергеу изоляторының аға инспектор психологы, әділет капитаны Айзат Мырзалы.

Жабық есік ішіндегі өмір

Медициналық көмек маңызды

Мен үшін беймәлім бұл мекемеден айналдырған бір күнде көп нәрсе білдім. Әр бөліміне соғып, немен айналысатынынан хабардар болдым. Әр бөлім мекеме жұмысының жүйелі жүруіне әсер етеді. Мекемедегі тағы бір маңызды бөлім – медицина бөлімі.

– Темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқан адамдардың денсаулығын сақтау ЗК-169/1 тергеу изоляторының медицина қызметкерлері үшін маңызды мәселе. Сондықтан мұнда олар жіті тексеру жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде мекемеге жаңадан келіп түскендер мен айдауылданып кететіндер, босатылар алдында және 6 ай сайын флюграфиялық, АИТВ тексеруден өткізіліп, дене жарақаттарының бар-жоғы медицина қызметкерлері тарапынан тексеріліп тұрады, – дейді фельдшер Назар Талғат.

Иә, мұнда  сотталғандар мен айыпталушылар арасында ауру мен өлім жағдайларын төмендетуге бағытталған сақтық шаралары алдын ала жүргізіледі. Ауруға шалдыққандарға уақытылы диагноз қою мақсатында  қалалық емханалардан арнайы мамандар шақыртылып, терапевт, стомотолг, хирург, уролог және  дерматолог пен психиятор дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Бұл – дәстүрлі жұмыстар.

– Қалай десек те, изолятор мен еркіндікте жүрген адамның арасында айырмашылық болады. Сондықтан уақытылы тексерістер жүрек-қантамыр ауруларын, қант диабетін, қан қысымы ауруларын олардың қауіпті факторларын, сондай-ақ гепатиттерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Ерте сатыда анықтау аталған сырқаттарды жеңіл емдеуге және инсульт, инфаркт, соқырлық, бауыр циррозы сияқты асқынулардың алдын алуға ықпал етеді. Цироздың пайда болуына ықпал ететін патологиялық өзгерістерді, сондай-ақ ерте даму сатысындағы ісіктерді анықтау үшін керек, – деді терапевт дәрігер Мөлдір Жақыпова.

Мекеме мамандарының айтуынша, Облыстық медициналық орталық пен қалалық емханада қамаудағылар үшін арнайы 2 бөлмеден қарастырылған. Бір бөлмесі 10, екінші бөлмесі 4 адамдық төсек-орынмен жабдықталған. Терезелері темір тормен қапталған.

Жабық есік ішіндегі өмір

P.S. Жолбасшымыз Раушан Әбдірахманова бір күн бойы осылай біраз дүниені көрсетті.  Білмегенімізді айтты, түсіндірді. Алғашында бейқам кірген біз, еңсемізді зіл басқандай, күрсініп шықтық. Өйткені мұнда талай тағдыр түрме мен бостандықтың алдында тұрғаны ойдан бір шықпай қойды.

Хош. Бір күндік репортаж барысында осылайша ЗК-169/1 мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысып, тергеудегілер, айыпталушылар һәм сотталғандардың хал-ахуалынан шет жағалай хабардар болдық. Мекемедегі әр бөлімнің маңыздылығын және нендей қызмет атқаратынын көзбен көрдік.

Жалпы мұнда отырған қамаудағылардың бірі білместіктен, бірі аңдаусызда қылмыс жасап, темір тордың арғы жағында отыр. Темір тордың арғы жағында да өмір бар. Дегенмен еркіндікке ештеңе жетпейді. Сондықтан қадамын қате басқандар қымбат уақытын ұрлаған қателіктерден сабақ алса екен дейміз.

Ақтілек БІТІМБАЙ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: