Театр адам жанының айнасы, руханияттың алтын діңгегі саналатын киелі өнер ордасы. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын бұл мәдениет ошағы бүгінгі күні ұлттық құндылықтарды сақтап, оны ұрпақ санасына сіңіруде айрықша маңызға ие. Театр тек сахна мен көрермен арасындағы байланыс қана емес, ол қоғамның тыныс-тіршілігін, адамның ішкі әлемін, замана болмысын тереңнен толғайтын көркем кеңістік.
27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз конференциясы өтті. Онда Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры директорының орынбасары Серік Жақсығұлов пен қалалық Жастар театрының директоры Нұрмат Мансұров мерекенің мән-маңызына тоқталып, театр саласының бүгінгі тынысын кеңінен баяндады.
Серік Орынбекұлының айтуынша, бұл күн театр ұжымы үшін ерекше маңызға ие, дәстүрлі түрде атап өтілетін мереке.
«Театр – шығармашылықтың шоғырланған ордасы. Бұл мереке ұжымның бірлігін бекемдеп, жаңа идеяларға жол ашып, болашаққа нық қадам басуға серпін береді. Осы атаулы күн қарсаңында театр ұжымы көрерменге мазмұнды әрі тағылымы мол бағдарлама ұсынды. 16-20 наурыз аралығында «Nartai Theatre Fest – 2026» театрішілік фестивалі өтті. Бес күнге созылған өнер мерекесінде мистикалық триллерден бастап трагедия, буффонада ертегі, психологиялық және деректі драмалар, моноспектакль, қуыршақ және музыкалық қойылымдар сахналанды. Бұл фестиваль театр өнерінің жанрлық байлығын айшықтап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, халықаралық театр күні аясында арнайы шығармашылық кеш ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымға рухани тарту жасалды», – деді Серік Жақсығұлов.
Атаулы күнге орай Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры көрермендеріне мазмұнды әрі тағылымы мол мерекелік бағдарлама ұсынды.
Ал қалалық Жастар театрының директоры Нұрмат Абдоллаұлы өз сөзінде театрдың бүгінгі жетістіктері мен жоспарларына тоқталды.
«Қазіргі таңда театр репертуарында әртүрлі жанрдағы 15 қойылым бар. Оның ішінде балаларға арналған үш спектакль болса, қалғаны жастар мен ересек көрерменге бағытталған. Жыл бойы қойылымдар 65 мәрте сахналанып, 10 мыңнан астам көрерменді қамтыды. Бұдан бөлек, театр ұжымы түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысып, жыл сайын 40-қа жуық театрландырылған пролог ұсынады. Жыл басынан бері көрермен назарына 6 премьера ұсынылды. Алдағы уақытта да сапалы қойылымдармен қуантуды жалғастырамыз», – деді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
