Күзет қызметі – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын сала. 29 қазан аталған салада еңбек ететін қызметкерлердің мерекесі. Осыған орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімнің аға инспекторы Зәуре Садуақасова мен полиция батальонының полицейі Әділхан Уәлихан келіп, жұмыстарының қыр-сырымен бөлісті.
– Мен бұл салаға 2014 жылы сержант болып келген едім. Қазіргі таңда жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімнің аға инспекторы қызметін атқарып келемін. Яғни, кадрлық бағыттағы жұмыстарды жүргіземін. Біздің басқарманың негізгі міндеті – стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол нысандарда қызмет атқаратын әріптестеріміз ел тыныштығы үшін күн-түн демей еңбек етіп, кез келген оқыс оқиға мен қауіп-қатердің алдын алады. Сол қызметкерлердің бірі – Уалихан Әділхан. Ол су торабы нысанында суға құлап кеткен қызды құтқарып, нағыз ерлік көрсетті. Азаматшаны аман алып қалып, өзі де дін аман шықты. Жуырда Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл біздің қызметіміздің қаншалықты жауапты әрі маңызы зор екенін көрсетеді. Шынында да, біздің жұмыс қиын да, қызықты да. Тәртіп пен адалдық – біздің қызметіміздің басты қағидаты. Негізгі мақсатымыз – халықтың тыныштығын қамтамасыз етіп, елге қалтқысыз қызмет ету. Осы орайда, барлық полиция қызметкерлерін, соның ішінде мамандандырылған күзет басқармасының ұжымын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын,-деді Зәуре Жеңісбекқызы.
– Мен полиция батальонының полицейі, полиция аға сержанты қызметін атқарамын. 2019 жылдан бері осы салада табанды еңбек етіп келемін. Биыл менің осы жауапты қызметімдегі алтыншы жыл. 21 мамыр күні сағат 22:00 шамасында қызмет барысында кезекті кезекшілік кезінде ерекше жағдай орын алды. Белгісіз азаматша стратегиялық маңызы бар нысанға қарай беттеп келе жатқанын байқап, оған бұл аумаққа кіруге болмайтынын ескертуге ұмтылдым. Алайда ескертуді елемеген азаматша Сырдария өзеніне секіріп кетті. Ойлануға уақыт болмады. Ештеңеге қарамастан, дереу суға секіріп, азаматшаны аман алып шығуға кірістім. Барлығы небәрі 2-3 минуттың ішінде болды. Азаматша есінен танып қалған еді, алғашқы көмек көрсеттім. Кейіннен 102 байланыс желісіне хабар беріп, оқиға орнына тиісті қызметкерлер келіп, азаматша қалалық емханаға жеткізілді. Осы оқиға өмір мен өлім арасындағы сәттердің бірі еді. Сол кезде менің ойымда тек бір ғана ой болды, ол – адам өмірін сақтап қалу. Бұл ерлігім үшін 25 қазан – Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл мен үшін үлкен құрмет әрі қызметтік жолдағы ең үлкен марапаттардың бірі деп білемін,-деді Әділхан Асылханұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!