Халықты баспанамен қамту мақсатында аймақта 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Биыл 1430 пәтер халық игілігіне табысталады. Ақжолтай жаңалықты аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихаттың кезекті V сессиясында айтты.
– Қазір облыс көлемінде 31,4 млрд теңгеге 130 мың шаршы метр болатын 1924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 30 үй (93 мың шаршы метр, 1430 пәтер) халық игілігіне табысталады. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтарға 1000 пәтер сатып алуға (600 пәтер Қызылорда қаласында, 400 пәтер аудандарда) республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлінді, – деді облыс әкімі.
Елдің әл-ауқатын арттырудың тағы да бір өлшемшарты – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге жұмыстар жасалуда (230 елді мекеннің 198-і су жүйесіне қосылған). Өткен жылы 6 ауыл «көгілдір отынға» қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биыл тағы да 12 елді мекенге табиғи газ тартылып, газдандыру деңгейі 75 пайыз болады. Аймақ басшысы жиында кәсіпкерлік, индустриялық жобалар, өнеркәсіп өндірісі жайын да сөз етті. Сонымен қатар жол құрылысына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бүгінде Қызылорда қаласында 141 шақырым көшені жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Шет аймақ, кенттер, ауылдар да назардан тыс қалған жоқ.
Облыс әкімі көлік ағыны көп Бейбарыс сұлтан, Назарбаев және Астана даңғылы сияқты орталық көшелерде жол жөндеу жұмыстары алдағы 10-15 күнде аяқталатынын айтып, уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұрады.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!