Жексенбі, 22 желтоқсан, 12:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

30 жастағы капитан

16.12.2021

1708 0

30 жыл бұрын еліміз тәуелсіздік алғанда дүние есігін енді ашқан балалар бүгінде егемен елдің еркін азаматы болып отыр. Бүгін біз 1991 жылы өмірге келген Ғафур Әлиұлы Ақмырзаевты мақаламызға арқау еттік.

Кейіпкеріміз Жалағаш ауданында дүниеге келген. Әкесі – Әли Каюпов, аудандық қорғаныс істері бөлімінің қызметкері, анасы – Күміскүл Каюпова аудандағы байланыс торабында АТС инженері болып жұмыс істейді. Ғафур – үйдің кенжесі.

Кейіпкеріміз 2008 жылы №201 орта мектептің 10 сыныбын бітіре сала арман қуып Алматыға кетеді. Сонда Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжіне оқуға түсіп, 2012 жылы техник-электрик мамандығын алып шығады. Жасынан білімге құмар, зерек жігіт келер жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға қабылданып, тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша 2017 жылы Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс университетіне ауысады. Дәл осы жылы институтты ойдағыдай бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан.

Оқу барысында ол білімімен, жан-жағына жайлы мінезімен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, түрлі мәдени-қоғамдық шараларда бой көрсете бастайды. Сөйтіп жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық-мәдени фестивальдерге қатысып, оқу орны басшылығы атынан бірнеше рет алғыс хат алған. Осы аралықта «Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің командалық-инженерлік институтына 80 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. 2015 жылы университетте оқитын шетел студенттері арасында өткен додаларда І орынды иеленді. Қай уақытта да еңбектен қашпайтын ол тіпті белгілі режиссер Ахан Сатаевтың Белоруссияда түсірілген «Анаға апарар жол» фильмінің қосымша бөлімінде Ұлы Отан соғысының сарбазы рөлін сомдайды. Мұның бәрі – қарапайым курсант үшін үлкен мотивация. «Мен үшін Беларусьтегі курсанттық күндерім шексіз әңгімелеуге болатын қызықты оқиғалар тізбегі сияқты», – дейді ол.

Оқуын бітірген соң Ғафур Әлиұлы Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментіне жұмысқа тұрады. Содан бері елге қалтқысыз қызмет етіп келеді.

– Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арманы. Азаттықты сақтау – біз секілді жастардың міндеті. Сондықтан да елімізді, жерімізді көркейтіп, өз үлесімізді қосу – біздің парызымыз, – дейді кейіпкеріміз.

Капитан Ғафур Әлиұлы азаматтық қорғау органында 2013 жылдан бастап қызмет етеді. Алдына мақсат қоя білетін, ізденімпаз маман бүгінде азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және авариялық-құтқару қызметтері күш-құралдарының жұмысын үйлестіреді. Сондай-ақ облыстық ТЖД «Жас құтқарушылар» клубының жұмысын жүргізеді.

Еңбекқор азаматтың жеткен жетістігі, шыққан белесі аз емес. Ол 2017-2021 жылдар аралығында Қызылорда облысы аумағында өткізілген «Көктем», «Қыс», «Жер», «Протон-2019», «Қорғау-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларды дайындау және өткізуге белсене араласып, кәсіби біліктілігін жоғарғы деңгейде көрсетіп келеді. Былтыр тәжірибесін жетілдіру мақсатында Азаматтық қорғау республикалық оқу-әдістемелік орталығында даярлықтан өтті. 2017-2019 жылдары Қызылорда облысы ТЖД «Жас құтқарушылар» клубының командасын республикалық жарыстарға дайындады. Бұл команданың жоғары көрсеткішке жетуіне тікелей әсер етті. 2020 жыл – Волонтерлер жылы болуына байланысты тәжірибелі маман облыстық волонтерлер фронт-офисінің «Үміт» бағыты жетекшісі болып сайланды. Жыл көлемінде жоғалған адамдарды іздеу, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі жобаларға волонтерлерді тартып, нәтижелі жұмысымен көзге түсті.

– Тәуелсіздіктің арқасында ел тыныш, береке-бірлікте өмір сүріп жатыр. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Бүгінгі бейбіт, шуақты күндерімізді бағалай отырып, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылу ұрпақтың басты мақсаты болуы керек. Мен де өз салам бойынша ел үшін аянбай еңбек етемін, – дейді 30 жасар капитан.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: