Биыл татар этномәдени бірлестігіне 30 жыл толды. Осы орайда «Достық» үйінің концерт залында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмасбек Есмахановтың қатысуымен арнайы мерекелік кеш аталып өтті. Мерекелік іс-шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, Татарстан Республикасынан арнайы шақырылған қонақтар, бірлестіктің ардагерлері мен жастары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында басқарма басшысының орынбасары Алмасбек Есмаханов сөз алып, татар этномәдени бірлестігі мүшелерін құттықтады.сондай-ақ, мереке қарсаңында бірлестіктің белсенді мүшелері облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы және «Алғыс хатымен» марапатталып, 30 жылдыққа арнайы әзірленген естелік сыйлықтар табыс етілді.
Елімізде татар этномәдени бірлестігі 1991 жылдың 27 қаңтарында құрылған. Тәуелсіздікпен бірге түлеген бұл орталық осы жылдар ішінде еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келеді. Бірлестіктің алғашқы төрайымы Ахмадеева Нағима Абдуловна жұмысты жүйелеп, негізін қалады. Осы орайда бірлестікке 20 жыл көлемінде жетекшілік етіп жүрген Галия Гизатуллина барша қатысушылар мен қонақтарға өз жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар, Лед экраннан Нағима Ахмадеева туралы естелік бейнеролик көрсетіліп, №112 орта мектептің директоры және мұғалімдеріне «Н.А. Ахмадееваға 100 жыл» медалі табысталды.
Шарада татар этномәдени бірлестігінің құрылуы жайлы көрініс қойылды. Оған бірлестіктің бүлдіршіндері мен жастары белсене қатысты.
Отыз жылдық мерейтой тек облыс көлемінде аталып өтпей, оған Дүниежүзілік татарлар конгресі Ұлттық Кеңесінің мүшесі, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Альберт Бурханов, Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Өкілетті өкілдігі басшысының көмекшісі Аяна Акинжанова және ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тауфик Каримов пен өзге аймақтардан келген этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен Қызылорда облыстық этно-мәдени бірлестік жетекшілері қатысып, бірлестікті мерейтойымен құттықтады. Бірлестік жетекшісі Галия Гизатуллина және оның мүшелеріне қоғамдық келісім мен татулықты берік ету жолындағы елеулі еңбегі үшін алғыстарын білдірді.
Мерекелік кеште, бұдан бөлек, шетелде білім алып жүрген бірлестік жастарының құттықтау бейнероликтері де көрсетілді. Сондай-ақ, Казан қаласынан келген қонақтар арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды. Татар халқының ұлттық биі мен әндері орындалып, мерекеге орай Сыр өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды. Қазіргі таңда елімізде 300 мыңға тарта татар этносы өмір сүреді екен. Оның 1500 өкілі Сыр елінде тұрады
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!