Акция – кәсіпкерлерді қолдау және бухгалтерлік пен салықтық есепті жүргізу сапасын арттыруды көздейді. 2026 жылғы 5 қаңтарда басталып, 2026 жылғы 30 маусымда аяқталады. Акцияны Қаржы министрлігі іске қосады, деп жазады Egemen.kz.
Кәсіпкерлер практикалық түсіндірмелер алады
«Халық бухгалтері» — жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған тегін консультациялық көмек.
Кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік және ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу мәселелері бойынша түсінікті әрі практикалық түсіндірмелер ала алады.
Негізгі формат – офлайн
Негізгі формат қалалар мен облыс орталықтарындағы мемлекеттік кірістер басқармалары базасында офлайн қабылдау түрінде болады.
2026 жылғы қаңтар-ақпан айларында консультациялар аптасына 3 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі.
2026 жылғы наурыздан бастап консультациялар аптасына 2 рет жүргізіледі.
Консультацияларды ең тәжірибелі мамандар жүргізеді
Қабылдау орындары жұмыс кестесі мен мекенжайы көрсетілген «Халық бухгалтері» атты арнайы маңдайшалармен белгіленетін болады.
Акция шеңберінде консультацияларды кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, кәсіби бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ заңнама нормаларын түсіндіру үшін мемлекеттік кірістер органдарының ең тәжірибелі қызметкерлері жүргізеді.
Кәсіпкерлер үшін тағы қандай мүмкіндіктер қолжетімді?
Астана, Алматы, Шымкент қалаларында консультациялар өткізу үшін жеке орындар белгілеу жоспарланып отыр. Өңірлерде консультациялар аудандық деңгейде, қажет болған жағдайда мамандардың баруымен ұйымдастырылады.
Сондай-ақ қабылдау уақытында аудандық және қалалық басқармалар арасында бейнебайланыс пен телефон арқылы кеңес беру мүмкіндігі көзделген.
Бетпе-бет консультациялардан бөлек, кәсіпкерлер үшін келесі мүмкіндіктер қолжетімді болады:
– ресми ресурстар арқылы онлайн-консультациялар;
– вебинарлар (онлайн және офлайн форматта);
– есепті кезеңдерде тақырыптық консультациялық сессиялар.
Ақпараттар жаңартылып, толықтырылады
Мемлекеттік кірістер комитеті заңнама нормаларын қарапайым тілмен түсіндіретін және ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу бойынша қадамдық нұсқаулықтары бар негізгі тақырыптар бойынша буклеттер дайындайды.
Сонымен қатар Call-орталыққа арналған материалдар жаңартылып, SalykBot Telegram-арнасы ақпаратпен толықтырылады.
«Халық бухгалтері» акциясы салық төлеушілермен жұмыс істеуде бақылау моделінен сервистік сүйемелдеуге көшу жолындағы алғашқы қадам болмақ. Алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алуға және консультациялық қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған қосымша шараларды іске асыру жоспарланып жатыр.
Акцияның басталатыны туралы 23 желтоқсанда Үкімет отырысында мәлімделген еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
