Сейсенбі, 26 қараша, 03:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

50 мың теңге емес, 7,3 миллионға өткізген

16.11.2021

1495 0

Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы мерзімі өтіп кеткен семинарға тендер жариялап, оны өткізуді білім беруге лицензиясы жоқ институтқа тапсырған. Институт нарықтағы бағасы 50 мың теңге болатын қызметті адам басына 1,4 млн теңгеге өткізген. Aikyn.kz сарапшы Әйгерім Қожамен бірге күмәнді тендер мен институттың басқа да тапсырыстарын зерттеп көрді. 

Облыстың денсаулық басқармасы 2020 жылы өтіп кеткен семинардың тендерін мемлекеттік сатып алу порталына 2021 жылдың ақпанында жариялаған. 

Ал тендердің техникалық сипаттамасы бойынша, семинарды өткізу кезеңі – 2020 жылдың қаңтар – желтоқсан аралығында.

Тендер мемлекеттік сатып алу порталына 2021 жылдың 10 ақпанында жарияланған.

2021 жылдың 19 ақпанында тараптар келісімшартқа отырған.

Алайда олар 26 наурызында қосымша шарт жасасқан. Бірақ шартта не өзгергені нақты көрсетілмеген.

Шарт бойынша 7,3 млн теңгеге 5 медицина қызметкеріне «Жүрек-өкпе реанимациясы (BLS,ACLS,PALS)» туралы барлығы 54 сағат семинар өткізу көзделген. Оны орындаушы ретінде шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен «Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС таңдалған.

Бұл тендердің тағы бір күмәнді тұсы – бағасында. 5 адамды оқыту құны 7,3 млн теңгеге бағаланған. Сонда Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы әр қызметкері үшін 1,4 млн теңге төлеген. 

Аталған институт дәл осы тақырыптағы семинарды Алматыдағы №21 қалалық емхананың 20 қызметкеріне 600 мың теңгеге өткізген (60 сағат). Сонда емхана әр қызметкері үшін 30 мың теңге төлеген.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы, сарапшы Әйгерім Қожаның айтуыншамұндай курстың нарықтағы бағасы орташа есеппен 50-60 мың теңге тұрады. Тіпті, одан да арзанға қызмет көрсететін оқу орындарын табуға болады. 

Мысалы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында «BLS/ACLS/ATLS/PhTLS (базалық реанимация (BLS), кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы (ACLS), педиатриядағы кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы (PALS), (PhTLS)» кешенді семинар-тренингін 12 адамға дейін өткізу 60 мың теңге (48 сағат) тұрады. Тіпті, қатысушы көбейген сайын семинар-тренинг құны арзандайды екен.

Сонымен бірге Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру ғылыми-зерттеу институтының білім беру қызметімен айналысуға рұқсат беретін лицензиясы жоқ болып шықты.

Сарапшы Әйгерім Қожаның айтуынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 221-бабы бойынша денсаулық сақтау саласында білім беру қызметімен айналысу үшін ұйым аккредитациядан өтіп, лицензия алуы қажет. 

Еlicense.kz порталынан Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру ғылыми-зерттеу институтының лицензияларын қарағанымызда білім беру бойынша рұқсат қағазы жоқ екенін анықтадық. Институттың сайтынан да білім беру бойынша сертификаты, аккредитациясы немесе лицензиясы табылмады. 

Сарапшының айтуынша, кез келген семинарда, тренингте немесе курста дәрігердің білік арттыру курсынан өткенін дәлелдейтін куәлік берілуі керек.

«Лицензияланған білім беру ұйымында (медициналық университет, колледж) білім алушыларға QR-коды бар куәлік беріледі, ол бойынша барлық оқу процесі ашық және оны бақылау оңай: ол курсқа қашан қабылданды, қашан аяқтады, кім оқытты, қандай бағдарламалар бойынша  мәлімет көрсетілуі керек», – дейді Әйгерім Қожа.

Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы жариялаған тендердің техникалық сипаттамасы талапқа сай жазылмаған. Семинар-тренингтен кейін арнайы сертификат, куәлік беру талап етілмеген, сабақтар қандай форматта, қайда, қалай өтуі керек екені көрсетілмеген.

Сатып алу сайтына жүктелген техникалық сипаттаманы тапсырыс беруші емес, орындаушы толтырғанға ұқсайды. Себебі онда семинарға қатысушы мен тапсырыс берушінің міндеті ғана көрсетілген.

«Жүрек-өкпе реанимациясы (BLS,ACLS,PALS)» туралы семинарға жұмсалған 7,3 млн теңге Түркістан облысының білім саласына арналған республикалық бюджеттен берілетін субвенциялар есебінен төленген

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: