Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева белгілі психолог, коуч Құралай Ошақбаеваны теріс жолда жүріп, қыз-келіншектерді адастырды деп айыптаған болатын. Тіпті өнер иесі коучтың жаттатып жүрген дуаларынан қыздардың жан тәсілім еткенін де айтқан. Кейін психолог өз қатесін түсініп, әншіден кешірім сұрап, жазба жариялады. Осы дауға қатысты Құралай Ошақбаева Аман Тасығанға берген сұхбатында ашық баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екеуіміздің арамыздағы кикілжің екі жылға созылды. Бастапқыда оның сөздерін қабылдай қоймадым. Мен өзімді адал, момын, қателік жасамайтын адаммын деп санап, пендешілікке салдым. Мені көре алмай жатыр деп ойладым. Кейін бұл ойымнан күмәндана бастадым. Уақыт өте өз әрекеттерімнен ұялдым. Негізі әр бір қазаққа, оның ішінде танымал адамдарға, билікте бір-бір Айеке болса Қазақстан дамып кетер еді. Себебі, Айгүл Елшібаева маған көп көмек берді. Мүмкін мен 90 жасқа келіп адасып жүрер ме едім. Ол менің есімді жиғызды. Етек-жеңімді жинап, көп қателіктерімді түсіндім. Мекке барып келгеннен кейін Айгүлге алғысымды айттым. Мен сөйтіп адасып жүріп, өліп қалғанымда не болар еді? Құдайдың алдына не деп барар едім? Ешқандай бүкпесізмен ол кісіге ризамын. Айгүлге хат та, жазба да арнап жаздым”, – дейді Құралай ханым.
Аман Тасығанның: “Айгүл Елшібаева сізді неше рет жылатты?” деген сауалына Құралай Ханым: “Өте көп жыладым. Таңды таңға ұрып, ұйықтамаған кездерім болды. Өте қатты қиналдым. Соңында менің денсаулығым сыр берді. Сол кезде өзіме-өзім келдім. Себебі мені жолдасым қолдады. Сол жағдайдың бір жақсы жағы, жанымдағы достарым тазаланды, кімнің кім екенін білдім. Сонда жанымда отбасым мен бір-екі досым ғана қалды. Қатты құладым. Өзімді әрең жинап алдым. Айгүлге жазба арнау үшін екі жыл керек болды. Мен 20 жыл Брайан Трейсиді оқысам да, Айгүлден сабақ алғандай сабақ алмадым. Бірақ менің жолдасым маған әрдайым: “Сенікі дұрыс, ниетің де дұрыс. Сен өз өміріңдегі болып жатқан нәрсені айтасың. Ештеңені ауадан алып жатқан жоқсың. Мен бармын ғой” деп ештеңеге қарамастан маған сенім білдірді. Айгүл ханыммен әлі бетпе-бет кездескен жоқпыз. Бірақ кездесуден қашпаймын. Ол кісіге ашықпын, жақсы көремін. Жазбамда ат мінгізетінімді айтқан болатымын. Осы сәтті пайдалана отырып, қырсық, қыңыр мінезім үшін, көрсеқызарлығым мен пендешілігім үшін, ол кісінің мазасын алғаным үшін Айгүл Елшібаевадан кешірім сұраймын”, – дейді танымал психолог.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!