Бейсенбі, 28 қараша, 11:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Қазақстандағы «атом көлінде» мутант-балықтар бар ма?

13.06.2021

1027 0

Семей маңында «бейбіт ядролық жарылыс» деген әдіспен Шаған көлі пайда болған. Су қоймасында алып бөрібалықтар мен тұқылар болған. Мутант-балықтар көп ұзамай жойылып кетті, су қоймасы әлі де бар. Онда шомылуға бола ма және тірі организмдер әлі де бар ма? Бұл сұрақтарға Энергетика министрлігі өкілдері жауап берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

№7 құпия бағдарлама

Ядролық жарылыс энергиясын халық шаруашылығы мақсаттарында пайдалану идеясын ғалым Игорь Курчатов 1951 жылы ұсынған.

«Атомнан шығатын қуат қалай ысырап болып жатқанын көріп отырсыздар ма? Оны кейін әскери мақсатта қолдану екіталай. Бірақ, бейбіт мақсатта пайдалану туралы ойланып көруімізге болады. Халық шаруашылығында атом жарылысы көмегімен шешуге болатын проблема көп! Ең қарапайымынан бастасақ та болады. Мысалы, су қоймаларын жасау, су ресурстарын бұру үшін арна қазу және кен қыртыстарын ашу», – деп келтірілген оның сөзі «Человек. Энергия. Атом» ғылыми журналында.

1965 жылғы 15 қаңтарда Семейден оңтүстік-батысқа қарай 100 шақырым жерде КСРО-дағы алғашқы бейбіт ядролық жарылыс болды. Мақсаты – құрғақшылық белең алған аймақта жасанды көл жасау. Ол үшін Чаганка өзенінің арнасы таңдалды. Ядролық заряд жер астына түсіріліп, іске қосылды. Жарылыстан кейін бірнеше күн бойы аймақты шаң басып, сейілмей қойды, 10 шақырым жерде ірі тастар табылды. Нәтижесінде тереңдігі 100 метр, диаметрі 430 метр болатын шұңқыр пайда болды. Ол сумен толтырылды. Бастапқы кезеңде билік тұрғындарды су қоймасында шомылып, мал суаруға болады деп сендірді.

Кеңес заманында көл ғылыми зерттеу орнына айналды. Онда амазон бөрібалығы, америкалық ондатр және түрлі балық пен балдырларды тіршілік жағдайын бақылау үшін жіберді. Көбі өліп қалды, ал тірі қалғандары өзгеріске ұшырады. Бірі үлкейе түсті, ал бірінің сырт келбеті өзгерді.

КСРО-да 1965 жылдан 1988 жылға дейін осындай 124 жарылыс болған.

«Жарылыстан пайда болған «Телькем-1» және «Телькем-2» шұңқырына су толтырылды. «Сары-Өзен» алаңында бір жарылыс болды. Жарылыстан кейін шұңқырға су толтырылды. Бірақ құрғақшылық жылдары суы тартылып қалды. Қазақстанда бұдан кейін су қоймаларын құрудың мұндай әдісі қолданылған жоқ. Жоғарыда аталған барлық су айдыны адамға радиациялық қауіп төндіреді», – деді Энергетика министрлігі өкілдері.

Нәтижесінде жұмсалған күш пен қаражат ақтамағандықтан бағдарлама тоқтады.

«Атом көлінің» қазіргі жағдайы

Ұлттық ядролық орталық ғалымдарының зерттеу нәтижелері қазіргі уақытта термоядролық жарылыс нәтижесінде «атом көлі» айналасындағы ірі тастар радиациялық қауіпті радионуклидтермен ластанғанын анықтады. Ол адам мен жануарларға қауіпті.

«Бұл ретте аумақтағы радиоактив ластану жарылыс шұңқыры айналасында және бірден бес шақырымға дейінгі радиуста таралады. Қазіргі уақытта көлге құятын жер үсті және су қоймасы суларында техногендік радионуклидтер анықталған жоқ. Су қоймасы ішіндегі су бағанында әлі де радионуклид бары байқалады. 20 метр тереңге дейін су құрамы ауыз су нормативтік деңгейінен аспайды», – деді Энергетика министрлігінде.

Мутант-балықтар әлі де бар ма?

Ғалымдар көлде тірі организмдер тіршілік ететінін хабарлады. Алайда мутацияға ұшырау дерегі бойынша зерттеулер жүргізілмепті. Сарапшылар жануарларда сыртқы өзгеріс белгілері байқалмайтынын айтты.

Жалпы, судағы радиоактив ластану мөлшері көл тереңдігіне қарай жоғарылай береді. Техногендік радионуклидтер құрамы бойынша су қоймасы жағалауындағы тастар радиоактив қалдық болып қала береді.

«Атом көлі» суын ішу және онда шомылу адамға радиациялық қауіп төндіреді. Дегенмен ондағы балықтар мен құстардың ағзасы, ондағы өзгерістер зерттелген жоқ.

«Атом көлінің» келешегі

Ғалымдар «Атом көлі» ерекше нысан екенін айтты.

«Көлде түрлі зерттеу жүргізуге болады. Иондаушы сәулеленудің өсімдік пен тірі организмге әсері, экожүйе табиғи ортасында радионуклидтердің қайта бөліну ерекшеліктерін зерттеу. Мысалы, «су-өсімдік», «шөгінді-өсімдік», «топырақ-жануар» жүйелерінде радонуклидтер қайта бөлінуін сипаттайтын ерекшеліктерді зерттеу және қолдану», – деп қосты министрлік өкілдері.

Айта кетейік, 2021 жылы Семей полигоны жабылғанына 30 жыл болады. Тамызда «Тәжірибе алаңы» ескерткіш тақтасын ашу, БҰҰ стипендиаттар сапары, БАҚ баспасөз-турын өткізу жоспарланған. Ал қыркүйекте «Семей сынақ полигоны: ғылыми-техникалық әлеует мұрасы және даму келешегі» атты IX халықаралық конференциясы өтеді.

Мақала авторы: Рашид Ілиясов
Қазақ тіліне аударған: Tengrinews.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: