Жұма, 03 қазан, 11:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№74, 2186
30.09.2025
PDF мұрағаты

АӘК кімдерге және қалай беріледі?

03.10.2025

141 0

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 2025 жылдың басынан бері 1506 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы басқарма басшысы Илья Скуб қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Басқарма жыл сайын жүйелі түрде 200 мыңға жуық адамды әлеуметтік қолдаумен қамтиды. Бұл көмек тегін қызметтер мен ақшалай төлемдер түрінде көрсетіледі – зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бағытталады.

АӘК кімдерге және қалай беріледі?

Орташа жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау мақсатында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалады. Бұл көмек азаматтарды қиын өмірлік жағдайдан шығару үшін кешенді қолдауды көздейді.

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 120-бабына сәйкес, АӘК келесі тұлғаларға тағайындалады:

  • Қазақстан азаматтарына,
  • Қандастарға,
  • Босқындарға,
  • Шетел азаматтарына,
  • Азаматтығы жоқ адамдарға – егер олардың табысы кедейлік шегінен аспайтын болса.

2025 жылдың IV тоқсанына белгіленген кедейлік шегі Астана қаласы үшін – 45 541 теңге.

АӘК сомасы – жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмаға тең. Көмек өтініш түскен тоқсанға тағайындалып, ай сайын немесе тоқсан сайын төленеді.

Шартты және шартсыз көмек: нақты сандар

АӘК екі түрге бөлінеді:

  • Шартсыз ақшалай көмек – отбасыда еңбекке қабілетті мүшелер болмаған жағдайда беріледі;
  • Шартты ақшалай көмек – құрамында еңбекке қабілетті кемінде бір адам бар отбасыларға беріледі.

Биыл АӘК алған 1506 отбасының ішінде:

  • 787 отбасы – шартсыз көмек алды,
  • 887 отбасы – шартты көмекпен қамтылды.

Шартты көмек алушылардың құрамында 1968 еңбекке қабілетті адам бар. Оның ішінде:

  • 9 адам – жұмыссыз,
  • 834 адам – өтініш берген кезде жұмыспен қамтылған,
  • 1125 адам – балаға, мүгедекке, қартқа күтім жасап отырғандар.

Жұмыспен қамтуға нақты қолдау

Шартты көмек алушылардың ішінен 12 адам белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылды:

  • 5 адам – қоғамдық жұмыстарға,
  • 1 адам – жастар практикасына,
  • 6 адам – өз кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант алды.

Нәтижесінде, еңбекке қабілетті АӘК алушылардың 65,7% жұмыспен қамтылған. Бұл – 2025 жылға қойылған жоспардың толық орындалғанын көрсетеді.

Басқарма бұл көрсеткішті белсенді жұмыспен қамту саясаты мен жеке кәсіпке ынталандырудың нәтижесі деп есептейді.

Цифрлық карта мен FSM: көмекті әділ бөлуге бағыт

2023 жылы Қазақстанда «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Бұл жүйе 84 әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша отбасылардың әл-ауқатын бағалайды. Қазіргі уақытта:

  • Мемлекеттік органдар осы карта арқылы өңірлердегі жағдайды талдай алады;
  • Учаскелік комиссиялардың қызметі толық цифрландырылды.

Комиссиялар арнайы жасалған FSM мобильді қосымшасы арқылы отбасының материалдық жағдайын тексереді. Қосымшаның артықшылықтары:

  • Геолокацияны автоматты анықтау,
  • Фотофиксация және мәліметтерді тікелей жүйеге жүктеу,
  • Қорытынды шығарудың жеделдетілген процесі,
  • Субъективті бағалаудан арылу.

Бұл тәсіл процестің ашықтығы мен шынайылығын арттырып, көмектің шын мұқтаждарға бағытталуын қамтамасыз етеді.

Жаңа скорингтік модель: отбасы әл-ауқатын бағалаудың заманауи тәсілі

Қазіргі таңда енгізіліп жатқан социалдық скоринг моделі – отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын адам қатысуынсыз автоматты түрде бағалайды. Бағалау:

  • Материалдық/материалдық емес көрсеткіштер,
  • Өмірлік жүктемелер,
  • Өзін-өзі іске асыру қабілеті,
  • Жасырын табыстар сынды деректерге негізделеді.

Осы модельге сай отбасылар 6 әл-ауқат деңгейіне бөлінеді:

  1. Өте мұқтаж,
  2. Мұқтаж,
  3. Салыстырмалы тұрақтылық,
  4. Тұрақтылық,
  5. Жақсы тұрмыс,
  6. Жоғары әл-ауқат.

Кейбір төлемдер мен қызметтер (мысалы, бір реттік көмек, өтемақылар) осы модель арқылы анықталған деңгейге байланысты тағайындалмақ.

Балаларға арналған қосымша төлем

АӘК алатын отбасыларда 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем қарастырылған. 2025 жылы бұл төлем мөлшері:

5 898 теңге (1,5 АЕК) – ай сайын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде реформалар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында әлеуметтік көмекті біріздендіру, тек шын мұқтаж жандарға нақты қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

Осыған орай, бүгінде:

  • Әлеуметтік төлемдер мен қызметтер біртұтас цифрлық платформа арқылы көрсетілетін болады;
  • Бұл жүйеге білім беру, денсаулық сақтау, спорт, және әлеуметтік қорғау органдары біріктіріледі;
  • Жүйе мемлекеттік көмекті нақты, әділ және ашық түрде таратуға мүмкіндік береді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: