Қазақ халқының тарихы мен руханиятында мәңгі өшпес із қалдырған ұлы ойшыл – Абай Құнанбайұлы. Оның мұрасы – ғасырлар бойы құндылығын жоймайтын, бүгінгі күнге дейін халықтың санасын тәрбиелеп, ой-өрісін кеңейтіп келе жатқан асыл қазына. Абайдың әрбір қарасөзі мен өлеңі – тек әдебиет туындысы ғана емес, адамзаттың парасат пен әділет жолындағы рухани темірқазығы.
Абай шығармаларындағы басты құндылықтардың бірі – парасат. Ол адамды ойлануға, өзін-өзі тануға, ішкі дүниесін тазартуға үндеді. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген даналық өсиеті – тұлғаның толық адам болып қалыптасуының өлшемі. Бұл ойлар бүгінгі қоғам үшін де аса маңызды. Қай салада болмасын – ғылымда, білімде, құқықта, мемлекеттік қызметте – парасатты болу әрбір азаматтың басты ұстанымына айналуы тиіс.
Парасат – тек білімділік емес, ол – көрегендік, байсалдылық, әділ шешім қабылдай білу. Бұл қасиеттер қашанда ел дамуының тірегі саналған.
Абай әділеттілікті адам болмысының ең жоғарғы қағидаты ретінде қарастырды. Оның «Әділет пен шапқат – кімде бар, сол адамдықтың кәмалы» деген сөзі кез келген қоғам үшін өмірлік ұстаным болуы тиіс. Әділет – мемлекеттің тұрақтылығы мен заң үстемдігінің негізі.
Бүгінгі таңда құқық саласында қызмет ететін әрбір судья мен заң қызметкері үшін Абайдың әділет туралы қағидаттары – кәсіби және адамгершілік бағдаршамы іспетті. Сот төрелігін жүзеге асыруда бейтараптық пен адалдық, әділетті шешім қабылдау – халық сенімінің басты өлшемі.
Абай ілімі – ұлттық руханиятты ғана емес, құқықтық сананы да қалыптастыратын мұра. Оның еңбектерінде адам құқығын құрметтеу, теңдік, адалдық, ізгілік идеялары көрініс тапқан. Бұл құндылықтар қазіргі демократиялық қоғамның, Конституциямыздың және заңдарымыздың басты өзегіне айналған.
Сондықтан Абайдың мұрасын насихаттау – тек мәдени міндет емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға ықпал ететін маңызды іс.
Абай мұрасы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік қазына. Ол бізді парасатты болуға, әділетті ұстануға шақырады. Бүгінгі таңда Абайдың «парасат пен әділет» қағидалары – ел дамуының, қоғам бірлігінің, заң үстемдігінің темірқазығы болып отыр.
Осылайша, Абайдың рухани мұрасы – әрбір азаматқа жол көрсететін шамшырақ, ал құқық саласында қызмет ететіндер үшін – әділет пен ардың биік өлшемі.
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маманы А.Бодыкова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!