Қазақ халқының тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі – Абай Құнанбайұлы. Оның даналыққа толы мұрасы ғасырлар бойы маңызын жоймай, бүгінгі ұрпаққа рухани бағдар, адамгершілік пен әділдікке бастайтын шамшырақ болып отыр.
Абайдың шығармалары – тек әдеби мұра емес, сонымен қатар адам мен қоғамның үйлесімді дамуын көздейтін рухани және құқықтық құндылықтар жүйесі. Оның «Толық адам» ілімі – ар, ұят, әділдік пен мейірім ұғымдарын адамның өмір сүру қағидасы ретінде ұсынған терең философиялық тұжырым. Бұл қағидалар қазіргі құқықтық мемлекет құру жолында да өзектілігін жоғалтпайды. Абай «Әділет, нұрлы ақыл, жылы жүрек – осы үшеуінен болар жақсы адам» деп, шынайы адамгершіліктің мәнін ашып көрсетті. Бұл ұстаным сот жүйесінде қызмет ететін әрбір маман үшін де маңызды. Себебі сот саласында әділ шешім қабылдау, заңға және ар-ожданға сүйену – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі.Абайдың «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген даналығы — әрбір қызметкердің кәсіби дамуы мен өзін жетілдіруіне бағыт беретін өмірлік ұстаным. Бүгінгі таңда сот жүйесінде де цифрландыру, ашықтық және әділдік қағидаттары енгізіліп жатқан кезеңде, Абайдың ойлары өз мәнін бұрынғыдан да арттыра түсуде.Ұлы ойшылдың еңбектері – тек өткеннің емес, бүгін мен болашақтың да темірқазығы. Оның мұрасынан алған тағылым – ұлттың рухани жаңғыруына, заң мен әділеттің үстемдігін қамтамасыз етуге, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге қызмет етеді.Абайдың сөзімен айтсақ: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» — міне, осы бір ой, әрбір азаматтың жүрегінде әділдік пен мейірімділікті орнықтыратын мәңгілік ұстаным болып қала береді.
Асылбекова Нұргүл Онталапқызы
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маман-сот отырысының хатшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
