Бүгін «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Абысын ажын» республикалық байқауының қатысушылары үшін мазмұнды әрі тағылымға толы күн болды. Республиканың 14 өңірінен келген 180-ге жуық делегат өңірдің маңызды мәдени және рухани нысандарын аралап, елдің тарихы мен дәстүрін терең таныды.

Күннің алғашқы бөлігі «Анаға тағзым» орталығын аралаудан басталды. Делегаттар аналарға, отбасы құндылықтары мен адамгершілік тақырыбына арналған экспозициялармен танысып, ұлт болашағын тәрбиелеудегі ананың орны мен рөлін айқын сезінді. Бұл сапар қатысушыларға терең әсер қалдырып, аналарға деген құрмет пен ілтипатты одан әрі арттырды.

Одан кейін байқау қатысушылары «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Мұнда олар жас өнерпаздардың еңбегімен, өңірдің мәдени өмірімен танысып, шығармашылық бастамаларға жоғары баға берді.

Сапардың келесі нүктесі – Отбасы орталығы болды. Делегация мүшелері отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды ұрпақ тәрбиесіне енгізу бағытындағы жұмыстармен танысты. Орталықтың жылы атмосферасы мен мақсатты қызметі қатысушылардың көңілінен шықты.

Күннің екінші жартысында делегаттар қаланың сол жағалауындағы жаңа стадион мен облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, өңірдің әлеуметтік және мәдени дамуына көз жеткізді. Музейдегі бай экспозициялар мен тарихи жәдігерлер қонақтарға ерекше әсер қалдырып, аймақтың тарихына деген қызығушылықты арттырды.

Сапар соңында қатысушылар Нағи Ілиясов ауылына жол тартып, ауылдың тыныс-тіршілігімен, тұрғындардың қонақжайлығымен танысты. Жалпы, күн барысында өткен іс-шаралар байқау қатысушыларына зор рухани әсер сыйлап, ұлттық дәстүр мен мәдениетті құрметтеу, ел бірлігі мен отбасы құндылықтарын насихаттау бағытындағы көзқарастарын кеңейтті. «Абысын ажын» байқауы аясындағы бұл танымдық сапар ел руханиятын жаңғырту мен дәстүр сабақтастығын нығайтуға өз үлесін қосты.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!