Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық экономиканың тұрақтылығын және еліміздің дәйекті дамуын қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық басымдықтарды айқындап берді. Сондай-ақ бас құжатта заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге және саяси жүйенің тиімділігін арттыруға арналған маңызды міндеттер де нақтыланып, белгіленді.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ел дамуы үшін маңызды 9 стратегиялық бағыт айқындалды. Олардың қатарында ақша-несие және салық саясаты арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру сияқты маңызды тақырыптар көтерілген.
Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады», – деді Президент.
Оның айтуынша, Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында белгілеп берген басымдықтарды сапалы әрі дер кезінде жүзеге асыру әділетті Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына және тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтуға тың серпін береді.
Бахыт Бауыржанқызы
Қызылорда қалалық сотының бас маманы,
сот отырысының хатшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!