Жұма, 22 қараша, 16:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Әйелдерге қолдау көп

12.04.2022

1252 0

Бүгінде  нәзік жандарға бала күтімімен үйде отыру жеткіліксіз. Өйткені оларға қазір жан-жақты дамып, талантын ашуға мүмкіндік көп. Нәтижесі де жоқ емес. Соңғы жылдары шағын және орта бизнес саласына қадам басып, жеке кәсібін ашуға ынталы әйелдердің қатары артқан. Оған мемлекет тарапынан қабылданған түрлі қолдау бағдарламалардың көбейіп, адамдарды кәсіпке баулу мен нәтижелі еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстың жолға қойылуы да әсер етуде.

Сондай-ақ қоғамда белсенді әрі жеке кәсіппен айналысатын әйелдер туралы ақпарат жиі жариялана бастады. Бұл да кәсіпкерлік саласындағы қыз-келіншектердің үлесінің басым екенін аңғартады. Бүгінде олардың көбі жеңіл өнеркәсіп, тағам және қызмет көрсету салаларын дамытуда. Өйткені «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» жөн санайтын нәзік жандар кәсіпте де әрбір қадамын нықтап алғанды жөн көреді екен. Кәсіпкерлер палатасына жол түсіп бара қалсаң, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібін ашып, нәсібін көріп отырған нәзік жандардың өнімдерімен таныса аласың. Бір қуантарлығы, қазір кәсіп ашқысы келетін әрбір әйелге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар. Атап айтсақ, жақында ғана Сыр өңірінен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды.

Өткен жылдан бастап, еліміздің барлық аймағында  Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық қоры», ҚР Президенті жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық ко­миссия мен «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орта­лығы жұмысын бастады. Алғаш рет пилоттық жоба ретінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы Түркістан, Алматы мен Маңғыстау облысында жүзеге асты. Биыл міне, біздің өңірде де қолдау тауып отыр.

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш Сыр өңіріне арнайы келіп, кәсіпкерлермен және кәсіп ашуға талпынып жүрген әйелдермен кездесті. Оның айтуынша, нәзік жандардың кәсібін қолдап, олардың құқы­ғын қорғау, мүмкіндігін  кеңейту – басты мақ­саттың бірі. Себебі мұны қолға алса, бүкіл елдің әлеуеті артып, тұрақты дамуға қол жеткізіп, экономиканың өсуіне оң ықпалы тиеді.  Осыған орай бұл бастаманы Азия Даму Банкі қаржыландырып, еліміздегі БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асыруда.

– Азия Даму Банкі гендерлік теңдікті ілгерілетуге көңіл бөлуде. Әйелдер кәсіпкер­лігін дамыту орталығын құру кәсіпкер қыз-келіншектерге жаңа мүмкіндік береді. Сондай-ақ өз аймағының дамуына қомақты үлес қосуға жола ашады деп үміттенеміз, – деді Азия Даму Банкі жобаларының үйлестірушісі Арыстан Ғалиев.

Бұл орталық кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңына айналады. Онда нәзік жан­дар стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейтіп, дамыту үшін бірқатар қызмет алады. Сонымен қатар оқыту бағдарламасы мен нетворкинг шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

– Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы бизнесті қолдау бағдарламасы шеңберінде жеңілдікпен несие мен грант беруге, әйел­дердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ олар өндірген тауарлар мен қызметті өткізіп, нарықты дамытуға ықпал етеді, – деді «Атамекен» ҰКП өңірлік даму департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.

Расында, кәсіп ашқысы келетін нәзік жан­дарға қолдау, жан-жақты іздену, білім алу, жол сілтеу керек-ақ. Мұндай игі бастама ай­мақтың қыз-келіншектерін алға жетелері анық.  Өйткені  арамызда екі қолға бір күрек таппай жүрген әйлдер қаншама. Десе де кез келген істі бастағанда айқын мақсат қойып, тәуекелге бел буып, алған бетінен қайтпай, алға қадам басатындар да аз  емес. Бүгінде осындай жетістікке жеткен әрбір әйелді көріп көңіл қуанады.

Мәселен, Қызылорда облысында  соңғы 5 жылда 5961 қыз-келіншек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, біліктілігін арт­тыр­ған. Бүгінде оның 3089-ы  жеке кәсіп­пен айналысады. Ал өткен жылы 3707 аза­мат кәсіпкерлікке қатысты Палата кеңесші­лерінен кеңес алса, оның 1874-і әйелдерді құрайды. Мамандардың айтуынша, бұл қыз-келіншектердің кәсіп ашуға деген қызығу­шылығы басым екенін аңғартады.

Сонымен қатар өткен жылы кәсіпкер­лер палатасының кеңесшілері кәсіппен айналы­сып жүрген 930 кәсіпкерге сервистік қызмет көр­сеткен. Атап айтсақ, бухгалтерлік, салықтық есептерін тапсыруға көмектесті. Сондай-ақ бизнес жоспарын әзірлеп, құқықтық қызмет көрсетті. Оның ішінде  48,3 проценті қыз-келіншекті құраған. Ал жыл басынан бері 183 әйел кәсіп­пен айналысуды көздеп, кеңес алды. Бү­гінде 67 кәсіпкер әйелге сервистік қызмет көрсетілді. Осыған қарап-ақ Қызылорда да әйел кәсіпкерлердің саны артқанын байқаймыз.

А.ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: