Сейсенбі, 24 желтоқсан, 23:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Әке арманы

23.01.2021

7037 0

Қоғамда түрлі мамандық бар. Оның ішінде дәрігер мен ұстазға құрмет ерекше. Ұстаз – адамзат баласын ізгілікке тәрбиелейтін руханият шырақшысы. Ал дәрігер – адам жанының шипагері. Ұстаз үшін алғысын айтып, алдына келген шәкіртінен ыстық жан жоқ болса, дәрігер үшін ризашылығын білдірген емделушісінен артық құрмет жоқ.
Тасбөгет кентіндегі №4 қалалық емхана дәрігері Нұргүл Асқарова көп жылдардан бері денсаулық саласында еңбек етіп келеді. Ол талай тұрғынның алғысын алған абзал жан. Дәрігер болу әке арманы еді. Анасының ауырғанын көріп соған жаны жабырқаған жеткіншек өсе келе ауырған жанды емдесем деген ұлы мұрат жолын мақсат тұтады. Осылайша бала күнгі арман уақыт өте келе ақиқатқа айналады. 1999 жылы облыс орталығындағы медицина колледжіне грант негізінде оқуға түсіп, оны 2001 жылы тәмамдап, 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясының емдеу ісі факультетіне түсіп, 2009 жылы жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша бітіріп шықты. Оқу бітірген бойда елге оралып, №4 қалалық емханада алғашқы еңбек жолын педиатр дәрігері болып бастайды. Бүгінде өзі қызмет жасайтын мекеменің білікті маманы. Ұжымдастары оның жауапкершілігі мен мамандығына адалдығын бағалайды.
– Адамның ұлы мақсаттары бала күнінен қалыптасады екен. Өмірде кездестірген жағдайлар соған жетелейді. Мен әкемнің дәрігер болсам деген арманы болғанын білемін. Кейіннен анамның ауырып қалғанын көріп өстім. Сол себепті науқастарды емдеп алғысын алсам деген асқақ арман мені алға жетеледі. Дәрігердің қамқорлығын көріп, бұл мамандыққа деген ерекше құрметім пайда болды. Медициналық оқу орындарына түсу үшін қажырлы еңбек, зор зейін, ерекше талап қажет. Мектеп кезінде химия, биология, физика пәндерін жақсы оқыдым. Дәрігерлікті таңдауыма сол себеп болуы тиіс. Қолымнан ешқашан кітап тастамадым. Күндіз-түні медицинаға қатысты кітаптарды көп оқыдым. Дәрігер үнемі білімін толықтырып отыруы керек. Білімге адалдық қажет. Дәрігерді маман ететін – оның білімі. Сондықтан ауруханада жұмыс жасайтын жас дәрігерлерге көп оқу керектігін айтамын. Дәрігер анықталған ауруды не үшін емдегелі отырғанын жақсы түсінуі тиіс. Сонда ел сенген үміт үдесінен көрінеді, – дейді Нұргүл.
Халқымызда «Аурудың жайын баққан біледі, аңның жайын атқан біледі» деп тегін айтылмаса керек-ті. Кез келген мемлекеттің әлеуеті оның медицинасымен өлшенеді. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда зор құрметке ие. Адамға көмектесу – дәрігердің басты парызы. Оның жанын да, тәнін де емдей алуың керек. Науқас адам, ең алдымен, дәрігерден жылы сөзі мен мейірімін күтеді. Ақ халатты абзал жанның емінен бұрын қамқорлығына мұқтаж. Дәрігердің үш қаруы бар. Ол – сөз, өсімдік және пышақ. Оның ішінде сөз – дәрігердің бірінші қаруы. Адамға сөзбен сенім сыйлау – бұл өмірдегі ең құдіретті құбылыс. Дәрігердің жылы сөзі мен мейірімді мінезі – кез келген дерттің емі. Бұл тұрғыдан алғанда Нұргүл Ерғазықызы ерен еңбек танытып келеді. Жас мамандарды баулу – тәжірибелі етіп тәрбиелеу ақ халатты арудың өмірлік борышы. Бұл – антына адалдықтың айғағы.

Тұрар Бекмырзев

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: