Қазір кейбір отбасында әкесіз ұрпақ өсіп келеді… Өкінішке қарай… Кейінгі күні осы сұрақ жиі мазалап жүр. Әрбір отбасы үшін әкенің орны бөлек.
Десе де, бүгінгі заман әкелердің беделін түсіріп жібергендей көрінеді. Шаңырақта асқар таудың рөлі, жолы қашан да биік болды. Анамыздың «Әкеңмен ақылдасайық, шешімін әкең айтады» деуінің өзі отағасына деген сыйластықтың, құрметтің бір белгісі.
Бірақ бүгінде осы көрініс өзгеріп бара жатқандай. Өйткені әкесіз жетіліп келе жатқан ұрпақ көп. Кейбір қаракөздеріміз «өзім үшін туып аламын» дегенді ойлап, баланы әкесіз-ақ жеткізуде.
Некесіз туған, ажырасқан балалар әкенің тәрбиесін көрмей өсіп келеді. Осы дұрыс па, әлде…
Сондай-ақ әкесіз өскен бала қандай болады? Сұрақ көп. Статистика бойынша Қазақстанда әр үшінші ресми некенің соңы ажырасумен аяқталады. Азаматтық некедегілердің де жағдайы жақсылықпен аяқталып жатпайды. Қоғамда өзі үшін бала туып алатын немесе ажырасқан, жалғызбасты аналар саны артуда.
«Өзім үшін туып алдым»
Қазіргі күні қыздардың жігіттерге алданып, артынша бала туып жататынын жиі естиміз. Олар жаңа туған нәрестеге амалсыздан өз тегін беріп жатады. Әрине, мұндай жағдайға әртүрлі жайттар себеп болады. Алайда себептен бұрын әр адамда жауапкершілік болуы тиіс деп ойлаймыз.
Жақында көптен көрмеген бір танысымды кездестірдім. Екі балалы болған ана. Отбасын, жағдайын сұрағанымда: «Бір баладан кейін ажырасып кеттім. Некеміз ұзаққа бармады» деді әлгі танысым ешнәрсе жасырмастан. Құшағындағы екінші сәбиін көріп, іштей тағы отбасылы болған екен деген ой болғаны рас. Бірақ олай болмай шықты.
– Мына кішкентайды туып алдым. Бір баламен қалуға болмайды ғой. Екеуінің әкесі – екі адам, – деп танысым төмен қарады.
– Сонда екеуінің тәрбиесі қалай болмақ? Ержеткен соң «Әкеміз кім?» деп сұраса, не айтасың?, – деп сұрауыма тура келді. Бұлай сұрағаныма өзім де ыңғайсыздандым. Себебі біреудің жеке өмірі. Ол да сәл ойланып барып жауап берді.
– Тәуекел, болары болды. Қос балам – өзіме олжа, – деп қысқа қайырды. Әңгімеміз ұзаққа бармады. Бірақ сол сәттен бастап осы ой маза бермеді. Осындай тағдыр неге көп? Жалпы отбасында екі адамның да өзіндік орны бар. «Әйел – үйдің шырағы, еркек – үйдің пырағы» деген. Осы құндылықтың құны неге арзандап кетті? Жауапкершілік қайда қалды?
«Әкесіз өскен баланы аяймын»
Қазақта бұрыннан келе жатқан көне сөз бар. «Төрт құбылаң түгел болсын». Бала үшін де оның отбасы толық болуы өте маңызды. Бұл – көпбалалы, ақжаулықты ана Сәлім Әбуованың сөзі. Сәлім апа қоғамдағы осы жайтқа мүлдем қарсы.
– Әке әрқашан отбасының асыраушысы, қорғаны болған. Ал әйел адам бала тәрбиесімен айналысып, үйдің ұйытқысына айналуы тиіс. Қазіргі таңда көп қыз-келіншек кішкене қиындық немесе келіспеушілік болса, ажырасамын деп шыға келеді. Оның салдарын жете түсінбей, жан-жақты ойланбайды. Мен ана ретінде айтар болсам, ажырасқандарды емес, баланы, оның ішінде әкесіз қалғандарды аяймын, – деді көпті көрген кейуана.
– Неге десеңіз, әкесіз өскен балаларда өз-өзіне деген сенімділік, табандылық, таңдау, шешім қабылдау қабілеттері төмендеу болады. Көбіне жасқаншақ келеді. Кейде анасының айтқанынан шыға алмайтын балалар кездеседі. Міне, олар әкенің тәрбиесін, қамқорлығын сезінбеген бала екенін бірден аңғара аламыз, – деді Сәлім апа. Сонымен қатар ойын былай жалғастырды. «Көп жігіттер қыздар секілді өте нәзік. Ал қазақта нәзік азаматтар емес, намысшыл ерлер болған. Сондықтан мен ертеңгі ұрпаққа алаңдаймын» деді көпбалалы ана.
Тілші түйіні:
Ойланатын жайт… «Әкеміз кім, қайда жүр?» деген сұрақ ауыр естіледі, иә. Ал оның жауабы да жеңіл болмауы тиіс. Демек, екі жастың арасындағы сыйластық, түсіністік, жауапкершілік мықты болғаны жөн. Сонда ғана әр бала толық отбасында әке-ана бақытын сезініп өседі. Міне, шаңырағы шаттыққа толы жандар, осылар… Лайым, қазақта тексіз ұрпақ емес, толыққанды отбасылар көбейсе екен деп тілейміз. Ал бұл екі жаққа да байланысты болмақ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!