Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Тарази 92 жасына қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік желіде ақын Мирас Асан көңіл айтып, жазба қалдырды.
Қазақ әдебиетінің тағы бір алып бәйтерегі құлады… Классик қаламгер Әкім Тарази ағамыз бақиға бет бұрыпты… Барша қаламгерге, көзіқарақты оқырман қауымға, ең әуелі жан жары Роза апамызға көңіл айтамын. Ағамыздың иманы саламат, жаны жәннатта болсын! – деді ол.
Әкім Тарази – қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер. Ол «Тасжарған», «Қараша қаздар қайтқанда», «Мұнда бір құпия бар», «Шынардың шыбығы», «Сызат», «Күлкі мен көз жасы» сынды бірқатар туындыларымен оқырман жүрегінен орын алды. Сондай-ақ, драматургия саласында да айрықша еңбек етіп, бірнеше пьесалары еліміздің театр сахналарында қойылды.
Әдебиет пен өнер саласындағы сіңірген еңбегі үшін Әкім Тарази көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!