Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 20:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әлемжелі: Дұрыс жазып жүрсіз бе?

12.10.2021

1449 0

Көнеден көш тартып, жаңа заманға табан тірегелі көп дүние өзгерді. Біздің уақытты адамзат тарихындағы қарым-қатынастың ең дамыған дәуірі деуге болады. Қазір әлеуметтік желі, ғаламтордағы байланыс адамдардың ішкі мәдениетін ғана емес, сауаттылық деңгейін де көрсететін қабілетке ие десек қателеспейміз. Сіз бен біздің электронды хат алмасуымыздағы сөйлем құрау шарттарымыздың сақталуы тілдік білім дәрежеміздің сапасын аңғартатынын білеміз. Ал қазақ жастарының әлеуметтік желідегі жазу үрдісі қай деңгейде? «Аяқсыз» қазақ әріптері мен «қысқарған» сөздер тізбегінен құтыла алды ма?

Әлемдік жалпыға бірдей байланыстың өзгеше сипат алғанына ғасыр енді толады. Адамзат «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» телефонға таңғалып үлгермей, әлеуметтік желінің кереметіне тап келді. Бүгінде дәуірдің игілігі ортақ құндылыққа айналды. Алайда әп-сәтте қалаған кісімен виртуалды байланыс орнатуға мүмкіндік беретін желі қазақ тілін әбігерге салуда. Соның ішінде әлеуметтік желідегі жастарға көп айтылатын негізгі сын – орыс тілін араластыра сөйлеуі және қазақ тілінің ережелерін сақтамауы.

Басында мұндай қателікті көбіне смартфондағы қазақ әріптерінің болмауымен байланыстырғанымен, кейіннен бұл олқы-лық ретке келген кезде де келеңсіздік тоқтамады. Екеуара онлайн хат алмасқан екі жастың бірі «калын калай?», «каксын?», «өз калайсн?» деген негізсіз қолданысты әдетке айналдырған. Орыс тілінде бір таңбаның орынсыз жазылғанына ұялатын қазақ жастары өз тіліміздегі өріп жүрген қатеге аса қысыла қоймайтын секілді. Бұған аға буынның күнде көріп жүрген мәселеге дер кезінде тоқтау салмағаны да себеп болса керек. Себебі бізді диалог құрушының сауаты мен тілдік деңгейі қызықтыра бермейтіні жасырын емес.

– Бұл – тілге деген құрметсіздік. Қазақ тілінің орфография және орфоэпия заңдылықтарын білмеуді басқа қалай атауға болады? Одан басқа пунктуация, яғни емле ереже де сақталмайды. Қай жерде үтір, қай жерде нүкте болу керегін қазіргі жастар білмей жатады. Бұл орынсыз айып болып көрінуі мүмкін. Алайда әлеуметтік желіде отыратын көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты жастың саны арту керек меніңше. Оған қоса бұл ережелердің барлығы 5 сыныптан бастап үйретілетінін ойласақ, жастарға деген реніш туындайды, – дейді ұстаз Алмагүл Якудаева.

Мынаны қарайықшы. Өзімізге белгілі ағылшын тілінде қиын әрі көп қолданыстағы сөздердің өзіндік қысқарту тәсілі бар екен білеміз. Ал қазақ тілінің төрт әріпті сөзін одан әрі келте қайыратын не әдет? Білмеймін, енді мұнымыз нағыз қателіктің бастауы. Бұл ешбір тілдік талапқа сай келмейтін «нест?», «жатрм», «отырм», «келятрм», «не жан?» тәрізді сөздердің көбеюіне әкелуде.

Әрине, бұл сөз жастың бәрі жеңіл ойлайды, көптің дені сауатсыз деген ой емес. Қазақ тіліне бейжай қарамайтын қауымның қатары артып келеді. Әлемдік білім деңгейіне қол созған жастар алдымен қазақ тілінің қолданыс аясын, дәрежесін көтеруге барынша күш салуда. Тіпті әлеуметтік желіде қазақша сөйлеу, дұрыс жазу бастамасы көтеріліп, қолдаушылар саны жыл санап артып келеді. Яғни, «көш жүре түзеледі» десек, мұндай мәселе шешімін табатын уақыт алыс емесі анық.

Дегенмен бізді алаңдататын басқа мәселенің шеті шығуда. Қандай мәселе дейсіз ғой? Ол – латын графикасына көшу бастамасы. Дұрыс жазу емлесі, негізгі ережелер қабылданатыны белгілі. Алайда қазақ жастары өзгеріске дайын ба? Ғасыр болған кириллицада қателік жіберетін жастар жаңа енген латынды қалай жүйеге келтіреді? Тіл – тірі организм. Ол қарым-қатынас арқылы өзгеріске ұшырайды. Демек латын графикасын күнделікті қолдануда да өзгеріс болады деген сөз.

Оған басты екі мынадай себеп бар. Алғашқысы – бүгінде латынды қолданатындар, соңғысы – ағылшын тілінің таңбалау тәсілі.

Қазіргі таңда жастар арасында латын графикасын қолдану бұрыннан қалыптасқаны анық. «Майл.ру» қосымшасы арқылы танымал болған 2010-2015 жылдар аралығында қолданушының көбі латын графикасын пайдаланды. «Ш» дыбысының орнына «W» таңбасын, «б» дыбысына «V» таңбасын қолдану белең алған. Сондықтан ендігі өзгерісте бұрыннан қалған әдеттің салқыны тиюі бек мүмкін. Сонымен қатар ағылшын тілін үйренуді бастаған жастар күнделікті қолданыста сол тілдің

таңбалау әдісін қолдануы мүмкін. Мұндай келеңсіздік орын алмау үшін латын графикасының электронды пернетақтасын дер кезінде орнатып, әлеуметтік желідегі сауатты жазуға үндеу маңызды.

Жалпы ғаламжеліде тілдік нормаларды барынша сақтаған жөн. Әрине, әлеуметтік желіде үнемі әдеби сөз қолдану орынсыз болуы мүмкін. Оған қоса ауызекі сөйлеу әдісі тағы бар. Алайда қазақ тіліне құрмет дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу арқылы келетіні белгілі. Сондықтан өзіңізді әрдайым сауатты ұстап, өзіңізге қарама-қарсы сөйлеп отырған адамның қателігін түзеуді әдетке айналдыру қажет. Сол кезде ғана екінші жақтағы сөйлеуші де түзелері анық.

А. БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: