Осы аптада аймағымызға Қазақстан Республикасы Прездиентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев арнайы іс-сапармен келді. Президент көмекшісінің қатысуымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде жиын өтті. Жиында аймақтың дамуы мен алдағы уақыттағы ауыл әкімдерінің сайлауына дайындық туралы баяндалды.
– Осы жылдың 5 айының қорытындысымен экономиканың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамиканы қамтамасыз ете алдық. Өнеркәсіп өндірісі, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 12,8%, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім өндірісі 2,5%, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны 7,3%-ке артты, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндамасында негізгі көрсеткіштер мен болашаққа арналған басым бағыттарға тоқталды. Пандемияға дейін және одан кейінгі өңірдің экономикалық жағдайына жан-жақты талдау жасалып, әлеуметтік шиеленісті алдын алу мен облыста қоғамдық жағдайды сақтауға мүмкіндік беретін шараларды іске асыру ұсынылды.
Аймақтағы құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және Байқоңыр қаласының мәселелері туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов баяндама жасады. Тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер, аймақтың жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстарына қолдау көрсету туралы мәселелер қозғалды.
Әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық және білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар тінін облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова тарқатты. Бүгінде облыс «жасыл аймақта», эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қызылорда бойынша вакциналау 106 егу кабинетінде жүргізілуде, 37 мобильді бригаданың жұмысы ұйымдастырылып, оған 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған. Облыс бойынша вакцинаның I компонент бойынша келген 165960 дозадан 127675 адамға егілсе, II компонентті 99 550 дозаның 70 450-і салынған.
Аймақтың ішкі саясат, жастар саясаты, этносаралық қатынастар, мәдениет, спорт саласы мен қоғамдық саяси ахуалы туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет хабарлады. «Аймақта әлеуметтік-гуманитарлық салада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытына, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына сай тиісті жұмыстар жүргізілуде», – деді ол.
Өңірде дене шынықтыру және спортпен 254 101 адам шұғылданады. Мемлекет басшысының балалар үйірмесін көбейту тапсырмасына орай қосымша 56 балалар үйірмесі ашылған. Қазір облыс бойынша үйірмелер саны 584-ке жетті, қатысушылар саны 6 902 баланы құрап отыр. 2021 жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына үш жерлесіміз қатыспақ.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облыста түрлі форматта мәдени шара ұйымдастырылуда. Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Қызылорда қаласында ескерткіш орнатылуда. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығына арналған мерекелік шара, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын Тәуелсіздік жырлары» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы, аңызға айналған Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылатыны айтылды.
Жиын соңында ҚР Президентінің көмекшісі көтерілген мәселелер назарға алынып, алдағы уақытта шешілу жолдары қарастырылатынын айтты.
Жұмыс сапарының аясында Қанат Бозымбаев өңірдегі мұнай-сервистік саладағы компания өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова соңғы жылдары кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндірудің көлемі төмендеп бара жатқанын алға тартып, бұл кездесу ортақ мәселелерді айқындауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев мұнай-газ саласындағы қазіргі жағдайды баяндап, экономикадағы негізгі көрсеткіштер туралы сөз етті. Сондай-ақ мұнай және сервистік компаниялардың басшылары «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ вице-президенті Болат Көшербаев, «Жанрос Дриллинг» ЖШС бас директоры Алексей Мылтықбаев ортақ мәселе аясындағы ұстанымдарын білдірді.
Компания басшыларының мәселесін тыңдаған ҚР Президентінің көмекшісі мұнай қорындағы ахуал мәселесі Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралғанын атап өтті. Бұл ретте қуаттылығы 6 миллион тоннаны құрайтын «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының құрылыс жұмыстары аяқталса, жоба Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компаниялар үшін мұнай жеткізу жүктемесін азайтуға оң септігін тигізбек.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мұнай-газ саласындағы негізгі мәселелерді шешу үшін кешенді жұмыстардың қолға алынғанын айтып, мұнай-газ секторында қызмет ететін сала өкілдерін ортақ мүддеге топтасып, бірлесе еңбек етуге шақырды.
Мұнан кейін Қанат Бозымбаев өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті. Отырысқа кәсіпкерлер, қала, аудан әкімдері, кәсіпкерлік саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға тікелей атсалысатын мемлекеттік мекемелер мен қаржы институттары жиналды.
Президент көмекшісі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан ұдайы қолдау барын тілге тиек етіп, әр өңірде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен микроқаржы ұйымдарының тиімділігі туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ жиында пандемия кезінде кәсіпкерлік саласында туындаған қиындықтар талқыланып, алдағы уақытта даму бағытында атқарылатын жұмыстар сараланды.
Ең бастысы әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға болады
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!